RU
Толық нұсқаға өту

Е. Қарин Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған форумға қатысты

24.12.2025, 21:17 303

Елордада еңбегі ерен, бейнеті ауыр жұмысшы мамандықтар арасында үздік деп танылғандар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Елдің түкпір-түкпірінен келген жандарға сый-құрмет көрсетіліп, жыл бойы жарияланған байқаудың жеңімпаздарына сый-сияпат табысталды. Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шараға Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин қатысты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шараға өтті. Сондай-ақ форумға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «AMАNAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Қәрібек қатысты. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек культін орнықтыру, Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру саясатын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жалпы, осы жылы Президент Жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандықтар өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Бұл – еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында деген сөз.

Мемлекеттік кеңесші Президент бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғанын, мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 құрметті атақ қосылғанын, 74 кәсіби мереке мен Еңбек күнін кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналғанын жеткізді. Жұмысшы мамандықтар мен еңбек әулеттерінің өкілдері жыл сайын мемлекеттік наградалармен марапатталатынын еске салды. Ерлан Қарин еңбекті қадірлеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жұмысшы жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Жұмысшы мамандықтары жылы біздің қоғам еңбекті ерекше қадірлейтінін көрсетті. Халық арасында елге нақты пайда әкелетін адамдар құрметті, сыйлы екенін байқатты. Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек.

Дильфуза Бақытжанова – тура мағынасында биікті бағындырған бұрымды. 20 жастағы қаршадай қыз кранды басқарады. Еңбекке ерте араласқан. Алып қала Алматыда алпауыт техниканы 17 жасынан тізгіндеп келеді. Краншы болу туралы балалық арманын ақиқатқа айналдырған ару «Өндірістегі үздік жас қызметкер» номинациясының иегері атанды.

Дильфуза Бақытжанова, краншы:

- Көбісі таңқалып сұрайды. Не үшін? Қыз баласың, жассың ғой деп. Менің өзіме жұмысым ұнайды. Ұнағаннан кейін, адам өзіне сенімді болғаннан кейін, жауапкершілігі жоғары болғаннан кейін әр жұмысты істей береді. Ол жас, қыз, әйел адам, ер адам деп бөлінбейді.

Іс-шара барысында жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бүгін Қайыржан Тайтөле төбем көкке жеткен күн дейді. Атыраулық ақсақал ғүмырының 25 жылын көлік жүргізуші мамандығына арнады. Екі жыл бұрын зейнетке шыққан қария бүгін Астанаға арнайы шақыртылып, «Ерен еңбегі үшін» атағы берілді. 

Қайыржан Тайтөле, көлік жүргізуші:

- Көп жылғы еңбегіміздің нәтижесін көріп жатырмыз. Өмірімдегі ең қуанышты күндердің бірі деп есептеймін. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген кезім болған жоқ.

Сонымен қатар республикалық «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістегі үздік жас қызметкер» аталымдарында топ жарғандарға құрмет көрсетілді. Оған қоса «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауының жеңімпаздары, жұмысшы жастардың әлеуетін қолдап, дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының қатысушылары құрметке бөленді.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:

- Жұмысшы мамандықтарын қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді. Еңбек беделін арттыру кәсіптік білім беру мен тәлімгерлікті дамыту бастамалары әрдайым күн тәртібінде.

Іс-шараға қатысушылар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы еңбек адамының рөлін арттыруға ықпал етіп, жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға соны серпін бергенін айтты. Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты рәсім еліміздің дамуына күнделікті адал еңбегімен үлкен үлес қосып жүрген жандардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне көрсетілген лайықты құрметтің тағы бір дәлелі болды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz