Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бас шаһарда 40 шақты шыршаның шамы жағылып, қала көшелері безендірілді. Әр аудандағы саябақтарда сырғанақтар орнатылып, мұз айдындары құйылды.
Кәусар Құсайынов – Көктал ауданының тұрғыны. Үш жастағы ұлын шанаға отырғызып осы аудандағы қысқы саябаққа күнде келеді. Таза ауа жұтып, баласын далада біруақ ойнатып қайтады.
Кәусар Құсайынов, қала тұрғыны:
- Жаздыгүні, қыстыгүні ерекше. Осы саябақ бізге жақсы болды. Жазда әдемі, күшті. Бүкіл жағдайы бар. Балалармен келуге де, өзің келуге де жақсы.
Сырғанау демекші, мектеп оқушыларының сабақтан кейін асығатын жері – шағын мұз айдыны. Кешкі алтылардың кезінде сырғанақ маңындағы балалардың қарасы қалыңдай түседі.
Татьяна Белькова, саябақ қызметкері:
- Біздегі мұз айдыны күндізгі сағат 12-ден кешкі 11-ге дейін жұмыс істейді. Балалар аттракциондары да бар. Сырғанайтын төбешік, әткеншектің бірнеше түрі, тіпті балаларға арналған экскаватор да бар. Тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Киім ілетін орын да қарастырылған. Өз конькиімен келетіндер, осы жерде емін-еркін сырғанай алады. Қар түспесе да, сырғанақ алаңы күнделікті тазартылып тұрады. Сондай-ақ шағын дәмханамыз бар. Адамдар осы жерде ыстық шай алып, бойын жылыта алады. Жалпы тұрғындар әрдайым саябақ жұмысына оң бағасын береді.
Көктал саябағының кіреберісінде алыстан менмұндалап шақыратын алып шырша орнатылған. Жалпы жаңа жыл қарсаңында бас шаһардың әр ауданындағы саябақтарда 40-тан астам шыршаның шамы жағылды. Жылдағыдай мұз айдындары құйылып, сырғанақтар орнатылды.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Балақайлар әткеншек теуіп, мұз айдында сырғанап мәз-мейрам болса, үлкендер төбешіктен сырғанап көңіл көтере алады. Қыс қызығынан біз де құр қаламыз ба? Мен де осы мүмкіндікті пайдаланып қалғым келді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Руслан Әлиев
Тегтер #жаңа жыл #сырғанақPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz