RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-ның Дариян ауылында алғашқы кәріз стансасы іске қосылды

26.12.2025, 23:52 583

Батыс Қазақстан облысының Дариян ауылында кәрізді тазарту стансасы іске қосылды. Құны 250 млн теңге тұратын жаңа қондырғы үш ауылдан келетін лас суды тазалап, одан түрлі тыңайтқыштар шығармақ. 

Бұрын ассенизаторлық көліктер арнайы орын болмағандықтан сарқынды суды сай-сала, жыра жүлгеге төгіп кететін. Енді қоршаған ортаға келер зиянға тоқтау салынды. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

-Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы  елді мекендердің басым бөлігі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Тіршілік нәрі қазір әр үйге еніп тұр. Сәйкесінше, тұрғындардың көбі үйдің ішіне санитарлық торап, әжетхана орнатқан. Алайда септикке жиналған лас суды қайда жіберу жағы ойластырылмағаны өкінішті. 

Экологиялық бірлестік жетекшісі Дәуренбек Сахымның табиғатты ластаушылармен күрескеніне біраз болыпты. «Септикті сорған көліктердің көбісі көзді ала бере сарқынды суларды сай-салаға төгіп кетеді. Осы арқылы экологияға орасан зиян келіп жатыр», - дейді ол. 

Дәуренбек Сахым, эколог:

- Полиция шақырып, журналистермен бірге арттарынан қуып барып төбелесіп, осылармен арпалысып жүрдік. Бұлар бүкіл жерге төгіп жатыр. Ешкім мойындамайды ғой, «мен төккен жоқпын, маған дейін төгіп кетті», - деп қашады да. Енді дронмен түсіріп алғасын, тоқтатып, полиция айыппұл салғызып 505-баппен штрафтайды. 50 мың теңге береді. Онымен кетеді де, ана жер қалады. 

Ауылдық елді мекендерде, тіпті бірде-бір аудан орталығында бүгінде қалдық суды қайта өңдейтін орын жоқ. Әкімдік амалсыздан көң-қоқыс төгетін жерге лас суды да құюға рұқсат берген. Өз кезегінде топырақ қабаты, жер асты су көздері бүлінуде. 

Әлібек Өтегенов, ассенизатор, Дариян ауылының тұрғыны:

- Рұқсат берді ғой бізге, әйтпесе қалаға апару қымбат болады. Мынау таза су емес қой. Жерге төгіліп, су сіңіп кетеді ғой. Сосын біз одан ішеміз.

Дариян ауылында бүгін ашылған кәріздік тазалау стансасы осы олқылықтың орнын толтырмақ. Жоба құны 250 млн теңге. Станса жақын ауылдардан келген қалдық суды қабылдайды. Қалдық су түрлі химиялық қоспалармен өңделеді. Келешекте тазартылған су техникалық мақсатқа, бау-бақша суаруға пайдаланылмақ. Тіпті осы жерде тыңайтқыш та шығарылмақ. 

Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:

- Еуропалық жобаны есептегенде 1 млрд 300 млнға шықты. Ал енді мына қытай жобасы орта есеппен санағанда 250 млнға шықты. Сондықтан біз өзіміздің бюджетіміздің мүмкіндігіне қарап технология ешқандай кем емес. Сондықтан осы жобаға ден қойған болатынбыз. Өзінің деңгейіне керекті қоспалары бар дейді. Қосқасын бір жұма он күндей тұру керек. Содан кейін әрмен қарай ешқандай күтіп тұрмайды. Келген суларды тазалап шығара береді. 

«Жалпы мұндай кәріздік тазалау стансасы ауылдық жерде алғаш рет салынып отыр. Сондықтан осы тәжірибені елімізге таратуымыз қажет», - дейді депутаттар. 

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша республикада қанша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде бұл ең маңыздыларының бірі деп айтқан болар едім. Пайдасы сөзсіз. Барлық аудандарда болу керек. Сонда экология мәселесін шешеміз бірінші. Екіншіден, су тапшылығы. Біз бұны бұдан әрі барлық жерде насихаттап айтатын боламыз. Презентациясы Мәжілісте өтетін болады. 

Блок модульді кәріздік тазалау қондырғысы тәулігіне 400 текше метр қалдықты қабылдамақ. Болашақта осындай стансаны облыстың барлық ірі елді мекендеріне орнату жоспарланған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz