Тараздағы бас шыршаның маңында мұз айдыны ашылды. Қысы қатты емес оңтүстік өңірде сырғанақ дегенің сирек болады.
Содан болар қысқы демалысты ұнататындар ағылып келіп жатыр екен. Қазірдің өзінде тұрғындардың сүйікті орнына айналыпты.
Жаңа жыл қарсаңында мұз айдынының ашылуы тараздықтар үшін қуанышты жаңалық болды. Себебі оңтүстік аймақта қыста қар аз түседі. Кей жылдары тіпті жаумайды. Сондықтан тұрғындар сырғанау үшін Жуалы тауларына, кейбірі Алматыға баратын. Енді қаланың ортасындағы сырғанаққа асығатындар көп.
Кеш түссе болды бас шырганың маңы жұрт көп жиналатын аумаққа айнала келеді. Оның бір себебі тұрғындар үшін ашылған мына мұз айдыны. Сырғанау алыңының ұзындығы 40 метр болса, ені 25 метр. Жалпы Жамбылдықтар бірнеше жылдан бері жаңа жылды қарсыз қарсы алуды әдетке айналдырған. Сондықтан сырғанақ іздеп қала сыртына сабылатын тұрғындар биыл осы жерде мерекелік көңіл күйге бөленуде.
Нысанбаевтар отбасы жылда жаңа жылды қарсы алу үшін орталық алаңға келеді. Ойы балаларының көңілін көтеру. Биыл да көптің ортасынан табылып, бала-шағасына жарқын естелік сыйлауды жөн көрді.
Райхан Бейсенбаева, қала тұрғыны:
- Балаларыма арнайы алып келіп көрсеткім келді. Бүгінге сәті түсіп тұр екен. Міне, мұзда мұз айдыны соғылған екен. Қаламыз жылдан жылға керемет көркейіп, жанданып жатыр. Осылай көркейе берсін. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа жаңа табыс, мол бақыт алып келсін.
Биыл қаланы жаңа жылдық безендіруге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбеді. Былтырғы шырша мен жарық шамдарды пайдаландық - дейді жауаптылар. Дегенмен қала тұрғындары мен кәсіпкерлері белсенділік танытып, өзіне тиесілі аумақты безендірген. Бас шырша да демеушілер есебінен өзгертіліп,биыл ұлттық реңк берілді.
Бақыт Тоқсанбаева, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
- Ұлттық нақыштағы оюлармен және өзіміздің киелі жануарымыз жылқы жылын қарсы алатын болғандықтан жылқының бейнесін бейнелеп отырмыз. Сонымен қатар ең үлкен өзгерісіміз жоғары жағында жанып тұрған бес жұлдыздың орнына қаламыздың логотипін орналастырдық.
Қалада мереке қарсаңында 30 іс-шара ұйымдастырылды. Жылда жетістікке жеткен жасөспірімдер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік концерттер өтті. Сондай-ақ орталық алаңдағы іс-шаралар тағы бар. Жалпы шараларды ұйымдастырып, балаларға сыйлық алу үшін қала бюджетінен 36 млн тг бөлінді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жаңа жыл #ТаразPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz