RU
Толық нұсқаға өту

Жаңаөзенде күн электр станциясы іске қосылды

01.01.2026, 13:38 287

Жаңаөзенде тәулігіне 50 мегаватт ток өндіретін күн электр станциясы іске қосылды.

Бұл Маңғыстауда салынып жатқан гибридті ірі энергонысанның бір бөлігі. Алдағы уақытта газ және жел электр станциялары қолданысқа беріледі. Ауқымды жоба жергілікті мұнай-газ өндірісін энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы өңірде жалпы қуаты 115 мегаватт болатын 6 күн және жел электр станциясы жұмыс істеп тұр.

Қазақ-итальян компаниялары гибридті станцияны Жаңаөзеннен 8 шақырым жерде тұрғызып жатыр. Жалпы қуаты 247 мегаваттық энергожоба Мемлекет басшысының 2024 жылы Италияға ресми сапарында берген тапсырмасы бойынша жүзеге асуда. Жуырда соның алғашқы бөлігі –  50 мегаваттық күн электр станциясы пайдалануға берілді. Ол мұнай-газ өндірісін энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. 82 мың панель күн сәулесінің бағытына қарай автоматты түрде бұрылады.

Мұхтар Мәтжанов, техникалық қызмет көрсету бөлімінің бастығы:

 - Тәулігіне қазір шамамен 280-300 мың киловатт/сағат өндіріледі. Енді ол күннің энергиясына байланысты. Ал жазда күн сәулесінің күшті болуына байланысты біздің өндіретін энергиямыз көбейеді. 50 мегаватқа жетуі де мүмкін. Бұл жерде ешқандай экологияға зиянды тастандылар шықпайды. Жасыл энергетиканы дамытудың бір бастамасы деп есептесек те болады.

Күн электр станциясында 14 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Сондай-ақ зәулім құрылыс алаңында жүздеген адам еңбек етуде. Қазір гибридті станция аумағында қуаты 197 мегаваттық жел және газ-поршенді электр станциялары салынып жатыр. Өңірде баламалы қуат көзін өндіретін нысандардың көбі Түпқараған мен Қарақия ауданында шоғырланған. Сондай-ақ Мұнайлының Батыр ауылында қуаты 2 мегаваттық күн электр станциясы бар.

Нұрсұлтан Болатов, облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы Маңғыстау облысы бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 600-700 мегаваттқа дейін болады. Бізге ток көлемі көптеу қажет. Алдағы уақытта даму процесіне де қажет. Оған МАЭК-тің өте тозығы жетуінен де қиындықтар туындауда. 80 пайызға дейін осы МАЭК мекемесінің тозығы жетіп тұр. Алдағы уақытта оны дамыту үшін осы электр станцияларын көптеп салып жатырмыз.

МАЭК кәсіпорны Каспийдің тұзды суын тұшытады. Теңіз суын газ жағу арқылы қайнату процесінен жылу және энергия өндіріледі. Осылайша Ақтау мен оған іргелес елді мекендердің күнделікті сұранысын өтеп отыр. Энергокомбинатқа жүктемені азайту мақсатында қазір тағы бірнеше инвестжоба жүзеге асуда. Мәселен, Шетпе ауылында қуаты 20 мегаватт болатын жел электр станцияның құрылысы 95%-ға аяқталды. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz