RU
Толық нұсқаға өту

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

02.01.2026, 13:10 406

Жасанды интеллект технологияларын қолданатын қазақстандықтардың саны артып келеді.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының дерегінше, жастардың 66 пайызы ақылды жүйенің көмегіне жүгінеді. Генеративті интеллект өндірістік процеске қалай әсер етеді? 

Ақпарат жинау, талдау, сұхбаттарды мәтінге түсіру және мақала жазу – журналист Гүлдана Каленнің күнделікті міндеті. Ол тәулік бойы хабар тарататын, жаңалықтары сағат сайын шығатын телеарнада жұмыс істейді. Негізгі міндет соңғы ақпаратты бірінші болып жеткізу. Гүлдана мұндай қарқында жұмыс істеу оңай емес екенін айтады. Бірақ соңғы уақытта жасанды интеллект технологиялары бұл процесті едәуір жеңілдеткен.

Гүлдана Кален, тілші:                     

- Бір күні 15-20 минуттық сұхбатты нейрожелі жасанды интеллектке салдым. 2- 3 сағат кететін жұмысты маған 1 минуттың ішінде жасап берді. Уақыт өте келе жаңа бағдарламаларды меңгеріп бастадым. Жұмысымды жеңілдетіп, тездетілді.

Жұмыс барысында  жасанды жадыны  педагогтер де жиі қолданады. Информатика пәнінің мұғалімі Исламбек Сәрсеннің айтуынша, ЖИ көмегімен сабақ жоспарлары, тапсырмалар мен презентациялар әлдеқайда жылдам дайындалады.

Исламбек Сәрсен, Информатика пәнінің мұғалімі:

- Осыдан 5-10 жыл бұрын әдеттегі мұғалім өзінің сабақ жоспарын құруға немесе үй тапсырмаларын тексеруге қаншама уақытын құртатын еді. Шамамен бір күн уақыт кететін еді. Ал қазір 20-25 минут уақыт кетеді. Сабақ барысында да оқушылардың тапсырмасын тексеруге жасанды интеллект уақыт сақтайды.

Бүгінде елдегі 340 мыңнан астам педагогі жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіби деңгейде қолданады. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп тегін курс өткізіп келеді. Білім беру бағдарламасы халықаралық озық тәжірибе мен қазақстандық мектептердің сұранысын ұштастырған.  Онда мұғалімдер заманауи технологияларды этикалық тұрғыда пайдалануды және оқу процесін автоматтандыруды меңгерді. Айта кетейік, жоба әлі де жалғасуда.

Аида Мейірқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл платформаға мұғалім тіркеледі. Өз мектебін белгілейді, өзін белгілейді. Ашық курстарды, тапсырмаларды, тіпті тесттерді өтеді де куәлігін алады. Мұғалімдердің арасында ең өзекті дүние ол «промтты» жаза білу. «Промтта» көбісі ақпаратты жазады да дайын материал керек деген сияқты дұрыс «промттарды» жазады. Мазмұн «промпты» дұрыс жазу, картиналарды, видеоларды қалайжасау керек деген сияқты практикалық мазмұн болды. Сонымен қатар этикаға да аса мән бердік. Балалардың жеке ақпараттарын бермеу.

Ал қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) дерегінше, қазақстандықтардың жартысы жасанды интеллект технологияларын қолданып жүр. Атап айтқанда, 36,8 пайыз азамат ЖИ-ді мәтінмен жұмыс істеу үшін пайдаланса,  24,2%-ы білім алу және өзін-өзі дамыту үшін қолданады. Ал 10% -ы аналитика мен зерттеу үшін жасанды жадының көмегіне жүгінеді. Десе де қоғамның нейрожелілерге деген көзқарасы әртүрлі. 

Айгүл Забирова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

- Мемлекеттің басты рөлі – технологияға тыйым салу немесе оны тежеу емес. Керісінше, оны енгізу процесін басқарылатын, болжамды және адамға түсінікті ету. Ең басты мәселенің бірі -білім беру. ЖИ-мен қалай жұмыс істеу керек? Сұрақты (промпт) қалай дұрыс қою қажет? Жауаптарды қалай тексеруге болады? Осыны үйретуіміз қажет. ЖИ ойлауды алмастырмай, көмекші құрал болуы тиіс.

McKinsey халықаралық сараптама орталығының болжамы бойынша, алдағы 5 жылда экономикадағы жұмыс сағаттарының 30%-ы автоматтандырылуы мүмкін. Бүгінде жасанды интеллект барлық салаларға дендеп енуде. Десе де медицина, білім беру, психология және шығармашылық мамандықтарда адамның рөлі маңызды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Гүлнар Хасан, Ержан Рахманбердиев, Самат Қазанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz