Телеграмдағы «Таза Қазақстан» чат-ботына 2025 жылы еліміз бойынша 26 мыңдай шағым келіп түскен.
Тұрғындардың бірі қала көшелеріндегі көң-қоқысты айтып арызданса, енді бірі қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтерген. Өтініштердің 93%-ында көрсетілген кемшіліктер бойынша тиісті шара қабылданды.
Руфия Сыдықова Орал қаласының тұрғыны. Телеграм каналындағы «Таза Қазақстан» чат ботына үй маңында жиналмай жатқан күл-қоқысты айтып, бірнеше рет шағымданыпты. Нәтиже көп күттірмеген.
Руфия Сыдықова, Орал қаласының тұрғыны:
- Мен «Школьник» ауданында көп қабатты үйде тұрамын. Жазда тұрмыстық қатты қалдықтарды ұзақ уақыт шығармады. Мен «Таза Қазақстан» чат ботына жаздым, геолокацияны көрсеттім, фото салдым. Екі күнде тазалап тастады. Өте қолайлы екен. Ешқайда қоңырау шалып қажеті жоқ.
Батыс Қазақстан облысы бойынша чат-ботқа 393 шағым түскен. Соның 90% Орал қаласынан. Өтінім қалдырғандардың басым бөлігі көң-қоқыс шығару мәселесіне, яғни қала тазалығына көңілі толмайтындарын айтқан.
Ернұр Жұмағалиев, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы:
- Мысалға осы желтоқсанның 5-і күні Бәйтерек ауданынан бір өтінім түскен болатын. Мусорды жинау деген. Міне фотолар бар. Онда Бәйтерек ауданының ТҮКШ бөлімі, яғни Хайрушев Сұлтанның атына түсті. Оны бізде аймақ тазалаау санаты бойынша толықтай жасалды. Мынау тазалағаны, бұрын мынадай болды басында.
Дегенмен, батыс қазақстандықтар «Таза Қазақстан чат ботын белсенді пайдаланушылар қатарынан емес. Ботты жиі қолданатындар Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Қарағанды облыстарының тұрғындары екен.
Бейімбет Мусин, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Неге басқа қалалардан келіп жатқан өтінімдер саны көп те, біздің Батыс Қазақстан неге аз деп. Былай қарасаң өзіміз тұрған жерде таза болғандықтан деп ойлаймын, басқа қалалармен салыстырғанда. Енді телеграм боттың ыңғайлылығы әрбір тұрғын өзінің тұрғылықты жері бойынша фотофиксациямен, видеофиксациямен осы телеграм ботқа жүктейді. Және де ол деген өзінің мерзімінде қаралып, қайтадан жиналғаны туралы орындаған мекеме өзінің есебін береді.
Ал эколог Дәуренбек Сахымның пікірінше, «Таза Қазақстан» атты чат-ботта тіркелген арыз-шағымның аз болуы қалада бәрі керемет, ауылда бәрі тап-таза дегенді білдірмейді, керісінше чат-боттың жарнамасы жеткіліксіз екенін айғақтайды. Батысқазақстандықтардың басым бөлігі мұндай кері байланыс құралы бар екенінен бейхабар. Жергілікті атқарушы органдар аталған чат-ботты пайдалану жөнінде тиісті деңгейде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбей отыр. Әйтпесе, қыста қарға көмілген жол, жазда шашылған көң-қоқыс, белуардан келетін арамшөп өскен аулалар Оралда қалыпты көрініске айналғалы қашан, дейді ол.
Дәуренбек Сахым, эколог:
- Жұмыс істеп көрген жоқпыз. Білем бар екенін оны ешкім қазіргі таңда жарнамаламайды. Неліктен біздер қолданбаймыз. Айына 10-15 арыз түсіреміз, «е-өтініш» бойынша. «Е-өтініш» бойынша түскен арыздың өзін «футболить» етіп тастайды.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Біз қазір қаланың орталығында, облыс және қала әкімдіктерінің жанындағы Жұбан көшесінде тұрмыз. Үш күннен бері өңірде толассыз қар жауып тұр. Көріп тұрғандарыңыздай, жүргіншілер қарға малтығып жүр. Тротуарларды тазалауға ешкім асығар емес. Осы мәселеге құзырлы органдардың назар аударуын сұрап, Таза-Қазақстан чат-ботына алғашқы өтінім қалдырдық. Қабылдап алды міне. Нәтижесін 3 тәуліктен соң көретін боламыз.
Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Таза Қазақстан #БҚО #өтінім хаттарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz