2025 жылы Алматы облысына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Бірнеше ірі жоба жүзеге асып, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және әлеуметтік салаға басымдық берілді. Алматы облысында 2025 жылы 38 медицина мекемесі мен 26 мектеп салынды.
Соның 17-сі «Келешек мектебі». Шонжыда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ал Жалағаш пен Тарғап ауылында заманауи спорт нысандары халық игілігіне берілді. Жамбыл, Қарқара, Бөлексаз ауылдарында жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын мәдениет үйлері ашылды.
Мұрат Құныпияев, Сарыбастау ауылының тұрғыны:
- Райымбек ауданы Сарыбастау ауылынанмын. Біздің ауылда спорт школа салынды, одан кейін балабақша салынды. Мектебіміз күрделі ремонттан өтті. Ауданымызда үлкен емхана салынып жатыр. Облысымыздың дамуы жақсы.
Людмила Михайлова, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Менің бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласында тұрып жатқаныма жарты ғасырға жуықтады. Алматы облысының орталығына айналғалы қаламызда оң өзгерістер көп болды. Жаңа аялдамалар салынып, көшелер жөнделді. Түрлі мерекелік іс-шаралар жиі өтеді. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр.
Алматы облысында биыл 1700 отбасы жаңа пәтер кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Өңір бойынша жалпы аумағы 56 мың шаршы метр болатын 12 көпқабатты тұрғын үй салынды. Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығы Қонаевта 20 шақты отбасы баспаналы болды.
Еркін Алтай, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Бұл пәтерді 19 желтоқсанда алдым. Компанияның өкілдері хабарласып, жаңа жылға қарапайым сыйлық сыйлайтынын айттым. Содан кейін Қонаев қаласындағы мәдениет үйіне шақырды. Күтпеген жерден сол жерде бір бөлмелі пәтерді сыйлады.
Облыс тартылған инвестиция көлемі жағынан еліміз бойынша үздік ондыққа кіреді. Соңғы үш жылда мұнда 3,4 трлн теңге инвестиция құйылған. Айрықша басымдық берілген бағыттардың бірі өңдеу өнеркәсібі мен көлік логистикасы. 2025 жылы облыста жалпы аумағы 150 мың шаршы метр қойма кешендері пайдалануға берілді. Ірі жобалар Алатау қаласының аумағында да қарқынды жүзеге асып жатыр.
Әсет Масабаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
- Алатау қаласының әр жерінде орналасқан 18 ірілі-ұсақты жеңіл өндіріс, ауыр өндіріс, пилотсыз ұшатын құрылғылар, бұдан бөлек әртүрлі өнімдер шығаратын зауыттар және шикізат өңдеу зауыттары, қайта өңдеу зауыттары салынып жатыр. Олардың саны - 18.
2025 жылы өңірде 25 ірі жоба жүзеге асып, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алатау арнайы экономикалық аймағында барлығы 32 ірі жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Қазір соның сегізінің құрылысы басталды. Аталған жобалар сәтті жүзеге асса, 500 млрд теңге инвестиция тартылып, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дусембаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #инвестиция #Қонаев қаласыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz