RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысының әлеуеті артып келеді

03.01.2026, 19:35 289

Қостанай облысында былтыр төрт ауылға табиғи газ тартылды. Қазір елді мекендердің 48 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.

Ауылды жерлерде тұрғын үй құрылысы бойынша да Тобыл-Торғай өңірі елеулі жетістіктерге жетті. Жыл ішінде 300-ден астам жаңа баспана пайдалануға берілді.

Октябрь ауылының тұрғыны Гүлнәр Сәдуақасованың былтыр үйіне су кіргізгелі қуанышы ерек. Енді ше, тасымал суды күтіп, үнемі сатып алу бес баланың анасына оңай ма?! Қазір жағдаймыз жақсы деп отыр. Газ, суымыз бар, тұрмысымыз қаладағыдан кем емес - дейді. Балалары кәсіби тұрғыда спортпен айналысады.

Гүлнәр Сәдуақасова, Октябрь ауылының тұрғыны:

- Менің ұлым да, қыздарым да ММА-ге барады. Алматыда чемпионат Азияға кетті. Сосын футбол мен волейболдан секцияға барады.

Соңғы үш жылда өңірдің ауылды елді мекендерінде 25 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның бірі осы Октябрь ауылында бой көтерді. Қазір жергілікті тұрғындар дәрігерлік көмек алу үшін, қан тапсыру үшін қалаға сабылмайды.

Фарида Әлмағанбетова, Октябрь ауылының тұрғыны:

- Дәрігерге қараламыз, өзіміз система алып та жатамыз. Қан қысымы бар және денсаулығына байланысты емханаға келе алмайтын адамдардың үйіне барып система салады. Жедел жәрдем шақырса, келеді. Жақсы мамандар.

Ауылда өнерді өміріне серік еткен жандар көп. Домбыра үйірмесі, халық аспаптар оркестрі, би ұжымы, әншілер тобы бар. Мәдени шараларға ауылдан кемі 60 адам қатысады.

Яков Гирик, Орыс халық аспаптар оркестрінің жетекшісі:

- Дарынды жастар бар. Оларды қабілетіне қарай түрлі үйірмелерге тартып, білгенімізді үйретеміз. Біз негізінен жасанды жазбадан аулақ болып, таза аспап үнімен, жанды дауыста айтуға баулимыз.

Әрине, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуы, әлеуметтік инфрақұрлымның дамуымен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда атқарылған жұмыс аз емес. Соңғы үш жылда облыста 700 шақырымнан астам ауылдық көше жолдары жөнделді. Соның жартысында өмірі асфальт болмаған.

Азамат Әлжанов, Октябрь ауылдық округінің әкімі:

- 2025 жылы 5 көше істедік. Оның ішінде «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында бір көше істедік. Төрт көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Жалпы Қостанай облысында 492 ауыл бар. Соның 300-ге жуығы әлеуеті жоғары тірек. Қазір соның жартысы газға қосылған. Алдағы жылдары ауыл-аймақты көгілдір отынмен кеңірек қамту үшін бірнеше бағытта жобалар дайындалды.

Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:

- Ақтөбеден келетін газопроводтың құрылысын келесі жылы бастайды деп сенімдеміз. Басталғаннан кейін қамтамасыз етілмеген елді мекендерді қосуға болады. Сонымен қоса қазіргі таңда Меңдіқара, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарына магистралды газопроводтың құрылысын бастауға жобалық сметалық құжаттаманы дайындап отырмыз. Оны да 3-4 жылдың ішінде салып бітіруге болады.

Өңірдегі ауылдарды дамытуға үш жылдың ішінде 400 млрд-тан астам теңге жұмсалған. Соның 17 млрд-ы жергілікті бизнес өкілдерінің үлесі. Айта кетелік, осы аралықта ауылды жерлерде 500-ге жуық кәсіпкерлік нысандар салынды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz