Солтүстік Қазақстан облысында ақтүтек боран. Төтенше жағдайлар қызметі дауылды ескерту жариялады. Облыстық маңыздағы және ауданаралық бағыттағы бірнеше жол жабық.
Алайда кей жолаушы ескертуді елемей жолға шығып, қар құрсауында қалып қойған. Абырой болғанда, барлығы құтқарылып, қарға батқан қалған көліктер шығарылды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Солтүстік Қазақстан облысында бүгін түнде ауа райы күрт бұзылып, ат құлағы көрінбейтін боран болды. Осыған байланысты төрт республикалық бағыт пен аудандық жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы тұрғындарға алдын ала хабарлама жасалса да, кейбір жүргізушілер жолға шығып кеткен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері оларды түнде құтқарды.
Абылайхан Жақсылық, облыстық ТЖД аға инженері:
- Қар құрсауынан өткен тәулікте 10 адам құтқарылды. Сонымен қатар оның ішінде бір бала. СҚО ТЖД күшімен бес автокөлік жолдың жиегінен шығарылды. Қазіргі таңда бес облыстық маңызы бар және сегіз аудандық маңызы бар жолдар жабық.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Өңірде түске қарай боран басылып, республикалық бағыттар ашылды. Десе де облыстық және аудандық жолдар әлі жабық тұр. Қазір бұл аумақтарда қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал Петропавл көшелеріне 200-ге жуық арнайы техника шықты. Коммуналдық қызмет мамандары түннен бері тоқтамай жұмыс істеп жатыр.
Бердімұрат Баймұқан, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Қысқы дайындық аясында бес мың текше метр құм-тұз қоспасы мен 250 тонна көктайғаққа қарсы реагенттік материал дайындалды. Қоспа ең алдымен жол қиылыстарына, жаяу жүргіншілер жолына, аялдамалар мен басқа да қауіпті учаскелерге себіледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір Петропавлдың шығаберіс жолдары мен негізгі бағыттарда полиция қызметкерлері кезекшілік етіп жатыр. Ал синоптиктердің болжамы бойынша, бұл боран үскірік аязға ұласады. Олардың мәліметіне қарағанда, алдағы екі күн ауа температурасы күрт төмендейді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #СҚО #дауылды ескерту #боран #ТЖД #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz