2026 жылдың бірінші тоқсанында барлық ақпараттық жүйелер жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіріледі.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне осы жұмысты жүйелеуді тапсырды. Бұл азаматтардың деректерін қорғау деңгейін арттырады. Цифрландыру аясында киберқауіпсіздікке ерекше мән беріліп отыр.
Биыл министрліктер жаңа технологияларды енгізуге күш салады. Цифрландыру ауқымы кеңейіп, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін салалар саны артады. Бірақ қауіпсіздік абасты назарда. Өткен жылы киберқауіпсіздікті арттыру мақсатында бірқатар шаралар қабылданды. 1 млн-нан астам адам кибергигиенаға оқытылған. Дегенмен, мемлекеттік органдарды тексеру нәтижесінде олқылықтар бары анықталды. Жасанды интеллект министрлігінің дерегінше, мемлекеттік мекемелер ақпараттық қауіпсіздік талаптарын жиі бұзады.
Үмітжан Арықбекова, ҚР ЖИЦДМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары:
- 2025 жылы 109 тексеріс жүргізілді. Бұл тексеріс тек мемлекеттік органдарға қатысты болған жоқ. Бұл жерде жеке ұйымдар, жеке азаматтарға қатысты тексерістер де болды. Мемлекеттік органға тексеруге барған кезде барлық мемелкеттік қызметкерлер бірыңғай қорғалған жүйеде жұмыс жасау керек. Алайда кейбір ұйымдар осы қорғалған байланыс жүйесінен өздерінің Wіfі құрылғыларын қосып, жұмыс жасағаны анықталды. Неліктен Wіfі -ды қорғалған жүйеге қосға болмайды. Өйткені ол жерде мемелкеттік құпиялар болуы мүмкін, жеке азаматтардың мәліметтері болуы мүмкін. Осындай мәліметтер сыртқа шығып кетпеу үшін мемелкеттік органдардың барлығы бірыңғай ортада жұмыс жасауы тиіс.
Осы орайда Парламент «Киберқауіпсіздік туралы» заңды қабылады. Құжат Президентке қол қоюға жіберілді. Заңда бірқатар жаңашылдық бар. Мәселен, бұрын ақпараттық жүйелердің аудиті ғана болса, енді «киберқауіпсіздік» деген термин ензіліп жатыр дейді комитет өкілі. Бастысы жаңа құжат көмегімен жеке деректер қатаң бақылауда болады. Бірінші басшылардың жауапкершілігі де енгізілді.
Үмітжан Арықбекова, ҚР ЖИЦДМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары:
- Мемлекеттік секторда 400-ден астам ақпараттық жүйе бар. Бұл 400-ден астам ақпараттық жүйелердің 150 ақпараттық жүйесі әрбір азаматтың жеке дерегін пайдаланады. Мысалы, қандай да бір ақпараттық жүйе сіздің дерегіңізді пайдаланғысы келсе, бізде жеке деректерді бақылау бойынша сервис бар. Ол сервиске мысалы, 1414 арқылы хабарлама келеді, сіз жеке деректеріңізді пайдалану үшін рұқсатыңызды бересіз бе, бермейсіз бе. Бұл осы сервиспен жұмыс жасайтын КДП сервисі іске қосылды.
Бұдан бөлек, осы жылдың бірінші тоқсанында барлық ақпараттық жүйелер жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіріледі. Үкімет басшысы жауапты министрлікке жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұл азаматтардың жеке деректерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің басты мақсатымыз халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін экономиканың барлық салаларында серпінді технологияларды енгізу. Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әрбір азамат сезінуге тиіс. Озық технологиялардың саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап сата білетін жетекші елдердің қатарына қосыла білуіміз керек. Былтыр цифрландыру және жасанды интеллект саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Заңнамалық база жасалды. Қазақстандық ІТ қызметтер экспорты көлемі шамамен 1 млрд долларға жетті. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Жалпы жасанды интеллект енгізу бойынша министрліктерді биыл ауқымды жұмыс күтіп тұр. Заңнамалық актілер жаңа Цифрлық кодекске сәйкес келтіріледі. Ал Үкімет келесі айға дейін Цифрландыру және ЖИ жылының аясындағы іс-шаралар тізбесін бекітеді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мұрат Әріпханов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жасанды интеллект #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz