RU
Толық нұсқаға өту

Халық қаһарманы Б. Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды

06.01.2026, 22:00 298

Бүгін Алматыда Мемлекеттік кеңесші Президент атынан «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды.

2025 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Сондай-ақ бүгін Мемлекеттік кеңесші бірқатар өнер, мәдениет, руханият өкілдеріне, Президент стипендиясын табыс етті.

Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл. Даңқты қолбасшының ерлік жолы – отаншылдықтың нақты көрінісі, ұрпаққа үлгі. Жоғары дәрежелі марапаттың айрықша ерекшелік белгісі Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені Бауыржан Момышұлының туыстарына тапсырылды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Халық онсыз да Бауыржан Момышұлын батыр деп атайтын. Қаһарман деп қастерлейтін. Бірақ бұл жолы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімі халықтың Бауыржан атамызға деген ықыласын ресми деңгейде, мемлектетік деңгейде дәлелдегендей болды. Бұл көптен күткен тарихи әділдіктің қалпына келтірілуі болды.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент атынан мәдениет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендияларды табыс етті. Жыл сайын тағайындалатын стипендия – мемлекеттің шығармашылық өкілдеріне, жас таланттарға деген ерекше көңілі мен шынайы қолдауының айқын дәлелі. Осы жылы 75 адам қолдауға ие болды. Олардың қатарында Марфуға Айтқожа, Олжас Сүлейменов, Нұрғали Нүсіпжан, Геннадий Балаев, Ақұштап Бақтыгереева, Смағұл Елубай, Қайрат Байбосынов, Досқан Жолжақсынов сынды бірқатар мәдениет пен өнер өкілдері бар. Сонымен қатар опера әншісі Мария Мудряк, актрисалар Самал Еслямова мен Екатерина Максим және басқа да жас таланттар мемлекеттік стипендиямен марапатталды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz