RU
Толық нұсқаға өту

Атырауда тұрақтандыру қорында 11 мың тонна көкөніс бар

11.01.2026, 10:00 317

Атырауда тұрақтандыру қорында 11 мың тонна көкөніс сақтаулы тұр.  5 мың тоннаға жуық картоп, 1 мың 600 тонна сәбіз бен 3 мың тоннадай пияз бар.

Өнім жергілікті шаруашылықтардан алынды. Шаруалар әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен келісім шартқа отырып, қорды толтыруға үлес қосады. Жиналған көкөніс пен бау-бақша өнімдері  мамыр айына дейін жетеді, - дейді мамандар.  Жақында әлеуметтік дүкен сөрелеріне шығарыла бастайды.

Тұрақтандыру қорының жергілікті 4 шаруа қожалығымен ынтымақтастыққа отырғанына 13 жыл болды. Содан бері «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 3,9 млрд теңге  бөлінген. Қаржы тұтынушыларды жыл бойы арзан  өніммен қамтуға, ал жергілікті шаруалар үшін өндірген өнімін делдалсыз өткізуге жұмсалады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында   биыл   қаражат көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

Азат Қапанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылға қосымша екі есе ұлғайту тапсырмасына орай жергілікті бюджет есебінен тағы да қосымша 3 млрд ақша бөлінді. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін сауда нүктелері мен және тауар өндірушелермен келісімшарт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы маусымаралық кезеңде тиісті қорлар жинақталатын болады.

Өңірде жылыжай шаруашылығы да дамып жатыр. Былтыр Махамбет ауданында ірі кешен іске қосылды. Мұнда 10 мың түптен астам қызанақ өседі. Жақында жиналған өнім қолжетімді бағамен дүкен сөрелеріне шығарылады. Бастысы жергілікті кәсіпкерлерге қолдау бар, отандық өнімге сұраныс жоғары.

Дияс Сейдахметов, жылыжай агрономы:

- 0,8 гектар жылыжай аумағына «Геогранд» сортты 10 700 түп қызанақ отырғызылды. Жергілікті климатқа бейімділігі де, шығымдылығы да жоғары. Аптасына 750 килограмнан астам өнім жинауға болады.

Шекті бағамен сатылатын көкөніс тек әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ашылған сауда нүктелерінен өзге, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде де шығарылады.   Былтыр облыс орталығы мен аудандарда 174 жәрмеңке ұйымдастырылды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz