RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да ғалымдар жартасқа салынған суреттерді цифрлық форматқа көшірді

12.01.2026, 21:10 289

Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары алғаш рет жартасқа салынған суреттерді цифрлық форматқа көшірді.

Орталық Азиядағы ең ірі Кентау үңгірінде уақыт өте өшіп кеткен барлық суреттер толық сканерленді. Қазіргі уақытта өлкетанушылар Қазақстандағы қасиетті орындардың электрондық картасын жасап жатыр. Табылған барлық экспонат егжей-тегжейлі зерттеледі. 

Қазақстанның үздік археологтары Ақбауыр мен Кентау шатқалындағы жартастардан жойылып бара жатқан суреттерді тапты. Кентаудағы тарихи ескерткіштер Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Сәулелі сканердің көмегімен 74 үңгірден 700 сурет анықталыпты. Жаңа технологиялардың арқасында ғалымдар көне жартастағы суреттерді цифрландырып, олардың мазмұнын зерттеуге кірісті.

Сканер арқылы жартастағы көне суреттерде арқар, арба және сарбаз бейнелерін анық көруге болады. Бір қызығы, олар түрлі-түсті бояумен салынған. Заманауи технологиялар ерте заманда суретшілердің табиғи материалдарды ұтымды қолданғанын анықтап отыр. Тарих ғылымдарының кандидаты Ольга Зайцева көне жазбаларды қола дәуіріне емес, тас дәуіріне жатқызады. Ғалымның пайымдауынша, көшпенді тайпалар сол заманда минералогияны жақсы меңгерген және табиғи материалдарды бейнелеу өнерінде кеңінен қолданған.

Ольга Зайцева,  Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «Алтын Алтай» музейінің басшысы:

- Минералогия – адамзат баласына ең алғаш таныс болған ғылымдардың бірі. Сондықтан минералдық бояулардың пайда болуы кездейсоқ емес. Тіпті қола дәуірінің басталуына дейін, неолит дәуірінде де бізде неолиттік суреттер қабаты сақталған. Сол заманның өзінде адамдар әртүрлі минералдан түрлі бояулар жасаған.

Цифрлық алгоритм тасқа қашалып салынған суреттерді бояудан бөліп, түпнұсқа қалпына келтіреді. Яғни одан көне дәуірдегі суретшінің шығармашылық көзқарасын тануға болады. Ғалымдар қалпына келтірілген бейнелерді баршаға қолжетімді ету үшін электрондық картаға енгізеді. Бұл шетелдік зерттеушілерге Қазақстандағы артефактілерді талдауға мүмкіндік береді.

Евгений Водясов, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ аға ғылыми қызметкері:

- Түрлі-түсті қабырға суреттері бар көне үңгірлерді үш өлшемді цифрландыру ғалымдарға құнды деректер ұсынады. Өкінішке қарай табиғи құбылыстардың әсерінен суреттер біртіндеп жойылып бара жатыр. Осы мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.

Шамамен бес мың жыл бұрын салынған суреттерді көнеден жеткен бірегей деректер деп қабылдауға болады. Цифрлық жүйелеу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының көрікті жерлерінің виртуалды картасы жасалады. Ғалымдар биыл да экспедициялық жорықтарға шығады. Олар ғасырлар қойнауында жасырынған құнды деректер мен жәдігерлерді тауып, болашақ ұрпаққа аманат етуге мүдделі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz