RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде шетелдіктерге арналған казинолар салынуы мүмкін

13.01.2026, 16:24 254

Жаңадан салынатын ойын аймақтары тек шетелдік туристерге қызмет көрсетеді. Туризм және спорт министрлігі құмар ойындарға арналған аймақтарды дамытудың жоспарымен бөлісті. 

Бұл туралы ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Екі апта бұрын Мәжіліс туризм саласын қолдауға қатысты заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Соған сай қазақстанда бірнеше жаңа ойын аймақтары ашылмақ. Казинолар қай өңірлерде салынады? 

Қазақстанда қазір ресми түрде тіркелген алты казино бар. Біреуі Бурабайда, ал бесеуі Қапшағайда орналасқан. Ұсынылған жобаға сәйкес олардың қатары толығуы мүмкін. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Алматы, Жетісу облыстарында осындай құмар ойын аймақтарын ашу жоспарланған. Десе де ел азаматтарына бұл казиноларға кіруге тыйым салынады. Жаңа ойын аймақтары тек шетелдік туристерге арнап салынады. Туризм және спорт министрі осылай деп мәлімдеді. Талап бұзған мекемелер лицензиядан айырылуы мүмкін.

Абдель Балтатегі, ҚР ТСМ ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің басқарма басшысы:

- Ойын бизнес нысандары жеке инвесторлардың есебінен салынады. Бюджет қаржысы жұмсалмайды. Тек қана инженерлік инфрақұрылымдарға ғана жұмсалады бюджет. Ол – жол, жарық, су. Шетелдіктерге арналған казиноларда қазақстандықтар кіріп ойнап, сондай фактісі анықталса, әртүрлі шаралар қолданылады. Оның ішінде лицензияны кері қайтарып алу.

Министрліктің болжамынша, казинолар жыл сайын бюджетке қыруар қаржы әкеледі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бірқатар елде тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтары туристерді тартудың және курорттық инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетігіне айналған. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе ішкі әлеуметтік ортаға кері әсер етпей, экономикалық өсімге оң ықпал етеді.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Туризмді дамыту мақсатында ойын аймақтарын құру бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Біз казино салынатын аймақтарды белгілейміз, бірақ оның нақты орналасатын жерін жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Әрбір жаңа казино жылына 2-3 млрд теңгеге дейін салық төлейді. 500-ге жуық жұмыс орнын ашады. Жалпы туризмді дамыту мақсатында бұл халықаралық тәжірибе.

Ал сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда жаңа ойын алаңдарын салудың қажеті жоқ. Экономист Марат Абдурахманов: «Әуелі елде бар казинолардың деңгейін көтеру керек», - дейді.

Марат Абдурахманов, экономист:

- Мұндай жаңа ойын аймақтары қажет емес. Министрлік халықаралық стандарттарды енгізудің орнына, мемлекетімізге табыс та әкелмейтін тағы үш нүкте ашқысы келеді. Мысалы, Монакодан нормативтерді алып, оларды қолданыстағы екі ойын аймағына енгізуге болады. Ол елдің казино саласында тәжірибесі мен табысы мол. Сосын қолданыстағы казинолар ақша әкеле бастағанда ғана Актаудан және басқа да өңірлерде жаңа аймақтары ашу туралы айтуға болады. Салыстырмалы түрде, Монакодағы казино жылына Монако мемлекетіне 20 миллиард еуро әкеледі. Қазақстанның барлық казинолары Қазақстанға заңды түрде шамамен 5 миллиард теңге әкеледі.

Ойын бизнесіне қатысты заңнамалық түзетулер қазір Сенат қарауында. Егер құжат мақұлданса, инвесторлар қаржысына ойын алаңдарының құрылысы басталады. Десе де қазірдің өзінде екі жерде ірі туристік орталық салынып жатыр. Бір қонақ үй Ақтау қаласында бой көтереді, жоспарға сай келер жылы тапсырылады. Екіншісі Алматы облысы Талғар ауданындағы көпсалалы туристік орталық. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, ол 80 пайызға дайын.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz