Жаңаөзен қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Әлеуметтік жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен Маңғыстау өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Болашақ сарайы» шығармашылық, ғылым және спорт бағыттарында, жаңа үйірмелер мен секцияларды қолжетімді етеді.
Жаңаөзенде алғаш рет пайдалануға берілген оқушылар сарайы бір күнде 1500 балаға дейін қабылдай алады. Ғимарат робот техникасы, бағдарлама жасақтау, 2D/3D модельдеу, шет тілдері, киім дизайны және қолөнер, шахмат, вокал секілді оқу кабинеттерімен жабдықталған.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Техникалық тұрғыдан ғана емес, балалардың шығармашылық мәдени тұрғыдан қабілетін арттыра беруге мүмкіндік беретін жаңа технологиялық үйірмелер ашылды. Нысанның ең басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, еліміздің атын әлемге әйгілі қылатын балаларды тәрбиелеу, дәріптеу. Ұлттық компания осындай нысандарды жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосуға жұмыстанатын болады.
«Болашақ сарайының» жалпы ауданы үш мың шаршы метр. Орталықта балаларды жаңартылатын энергия көздері, қолданбалы және жаратылыстану ғылымына баулитын зертханалар, бейнелеу, хореография, актерлік шеберлік пен журналистиканы меңгеруге арналған телестудия жұмыс істейді. Кешен аумағында амфитеатр, субұрқақ, футбол алаңы, арт нысандары бар аллея салынды.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
- Жастарды болашаққа бейімдеу, тез икемдендіру бағытында салынған, мектеп жасындағы балалардың сабақтан тыс уақытта өзін-өзі дамытуға арналған орталық. Сыртын да көгалдандырып қойды. Яғни Жаңаөзен тұрғындары, қонақтарының да келіп серуендеп, демалып кетуіне үлкен мүмкіндік тузығып отырған ғимарат.
Әлеуметтік жауапты компания ретінде «ҚазМұнайГаз» өз кәсіпорындары орналасқан аймақтарда білім, мәдениет және спорт нысандарын салуға үнемі мән береді. 2025 жылдың соңында қуаты 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылды. Кәсіпорын Жаңаөзен және оған жақын орналасқан елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асты.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Жаңаөзен #Қазмұнайгаз #Оқушылар сарайыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz