Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауылында ІТ орталығы ашылды.
Бұл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылған алғашқы жобалардың бірі. Онда оқушылармен қатар, ересектер де цифрлық сауаттылығын арттырып, жаңа жобалар дайындай алады.
Ауыл мектебінің оқушысы Даниил SABAQ платформасын әзірлеген. Оның өзгелерден артықшылығы - интернет әлсіз немесе мүлде жоқ кезде де ақпараттар қолжетімді болады. Яғни, оқушылар кез келген уақытта қосымша мәліметтер ала алады. Жоба авторы қазір ауылда ашылған ІТ орталығында өз бастамасын одан әрі жетілдіріп жатыр.
Даниил Степаненко, SABAQ білім беру платформасын әзірлеуші:
- Бұл қосымша оқушыларға математика, физика, алгебра сияқты пәндерін оқуға көмектеседі. Сонымен қатар ІТ және робототехника саласын да меңгеруге болады. Осы платформаны жүздеген оқушы қолданып үлгерді. Ауылда ашылған ІТ орталық менің жобамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
ІТ орталығында Даниил сияқты өзге де дарынды балалар өз жобаларын дайындап, дамыта алады. Мұнда заманауи жабдықтар мен цифрлық жүйелер орнатылған. Әсіресе жасанды интеллектіні меңгеруге қолайлы. Сонымен қатар кез келген тұрғын онлайн қызмет түрлерін ала алады. Ал кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы тауарларын сатуды үйреніп жатыр.
Ағайша Есқожақызы, ауыл тұрғыны:
- Әлеуметтік желілерге салып, көрсетіп, сатқым келеді. Міне, ауданда ашылып жатқан осындай орталыққа өте қуаныштымын. Орталықтың күшімен жастарды үйретіп, әлеуметтік желілерге шығарамыз деп ойлаймын. Сол жерлерде осы бұйымдарымды сатқым келеді.
Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай тағы 6 орталық жұмыс істеп тұр. Биыл наурыз айына дейін олардың қатарын 13-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Авторы: Еркебұлан Смадияров
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #СҚО #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz