Жамбыл облысындағы Жуалы мен Жамбыл аудандары 100% табиғи газбен қамтылды. Талас ауданында көгілдір отын кіргізу жұмысы 94%-ке аяқталған.
Жауаптылардың айтуынша, қалған елді мекендерді газға қосу үшін қаражат қолбайлау. Егер республикадан қосымша қаржы бөлінсе, биыл тағы 40 елді мекенге газ жеткізу жоспарланған.
Талас ауданындағы Майтөбе ауылының тұрғындары бұған дейін көмір жағып, күл шығаратын. Елді мекен тау етегінде орналасқандықтан, жұрттың тонналап алған көмірі шақ келмейді. Бір үй қатты отынға кем дегенде 150-200 мың теңге жұмсайды. Қазір тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бюджеттен 863 миллион теңге бөлініп, 2 мыңнан аса тұрғын көгілдір отынға қосылады.
Болат Әбжаппаров, Майтөбе ауылының тұрғыны:
- Елдің қуанышы сіздердің еңбектеріңіздің арқасында 9 елді мекенге газ келіп, ел риза болып жатыр. Әр уақытта жақсылық болсын, бірлік болсын, тірлік болсын. Бейбітшілік болсын. Қазақ елі аман болсын!
Жаңа жылда Майтөбемен қоса Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарындағы 9 елді мекен газға қосылды. Ондағы құрылыс жұмыстары екі жыл бұрын басталып, оған 3,5 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде Жамбыл облысы халқының 91,8 проценті табиғи отынды пайдаланып отыр. Қазір аймақтағы 357 елді мекеннің 73-і газсыз отыр. Оларды көгілдір отынға қосу үшін, кешенді жоспар жасалған.
Қазбек Қыдыров, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Бізде 32 жоба бар. 32 жобаның қаржы сомасы 31,6 млрд теңге болып тұр. 40 елді мекен. Қаржыландыру тапқан жағдайда елді мекендерде газдандыру жобалары жүргізіледі. Жамбыл облысында 2030 жылға дейін жобамен толық газдандыру аяқтау біту жобасы бар.
Бүгінде Сарысу мен Шу аудандарында газ қысымы тым төмен. Сондықтан көгілдір отынның күші кейде үй жайларды жылытуға жетпей жатады. Мәселені шешу үшін екі ауданда төрт жоба басталған. Алайда аяқтау үшін 10 миллиардтан аса теңгені қажет етіп отыр. Республика маңызды жобаны қаржыландырса, 56 мың тұрғын газға қосылады.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #ауылдар #табиғи газ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz