Жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етуіне қатысты өкілеттіктері талқыланды. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті.
Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар жөніндегі аралық ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ Парламентаризм институтының директоры азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден парламенттік реформадан бөлек, конституциялық реформаға қатысты да бастамалар түсіп жатқанын жеткізді. Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және басқа да мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысудағы конституциялық рәсімдерінің жалпы тәсілдері туралы айтты. Бұл тәсілдер Жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген. Жұмыс тобының Азат Перуашев, Марат Шибұтов, Елнұр Бейсенбаев, Марат Башимов, Индира Әубәкірова, Алуа Ибраева, Үнзила Шапақ, Қарлығаш Жаманқұлова, Ерлан Сәрсембаев, Лейла Жақаева, Магеррам Магеррамов, Серік Егізбаев, Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдарбек Қожаназаров, Виктор Малиновский, Нұрлан Бекназаров, Айдос Сарым секілді мүшелері өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші конституциялық реформа бойынша түпкілікті тәсілдерді әзірлеу үшін келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты зерделеуді тапсырды. Айта кетейік, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы былтыр 8 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен құрылған болатын. 14 қазанда жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Екінші отырыс – 2 желтоқсанда, үшінші отырыс – 29 желтоқсанда, ал төртінші отырыс биыл 9 қаңтарда ұйымдастырылды.
Наталья Пан, Парламентаризм институтының директоры:
- e-Otinish және eGov платформаларына өткен жылдың қазан айынан бері азаматтық қоғам институттары мен ғылыми мекемелерден көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Атап айтқанда, «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «TOQTAMYS» адвокаттық қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын білдірді. Бұған қоса құқықтанушы ғалымдар да өздерінің сарапшылық ұсынымдарын жолдап, белсенділік танытуда.
Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:
- Бірнеше айдың ішінде жұмыс тобы болашақ моделдің маңызды параметрлері атап айтқанда депутаттар санын, кандидаттарға қойылатын талаптарды, олардың өкілеттік мерзімі мен сайлау тәртібін талқылады. Біз заң шығару қызметіне қатысты мәселелерді егежей-тегжей қарастырып және талқылап үлгердік. Соның ішінде заң бастамаларының процедуралары мен қабылдау бойынша, оқылым көлемі мен шешім қабылдау үшін дауыс сәйкестігін сараладық. Бұдан бөлек, келешек Парламент қалай аталады деген сұрақ жеке талқыланды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ерлан Қарин #парламент #реформа #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz