Ақтауда «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысы өтті. 60-қа жуық оқушы арасынан 5 бала тестілеуден ең көп балл жинап, жеңімпаз атанды.
Олардың екеуі Бейнеу ауданы Бейнеу ауылында, қалғаны облыс орталығында тұрады.
Күшжігер анасына республикалық сайыстың аймақтық кезеңінен өткенін хабарлап, қуантты. Мектепті «Қызыл аттестатпен» бітіруді мақсат еткен оқушы келешек инженер-энергетик болуды армандайды. Ол интеллектуалды байқауда тест сұрақтарына жылдам әрі дұрыс жауап берген оқушының бірі.
Күшжігер Жеткізген, облыстық кезеңнің жеңімпазы:
- Өткен сұрақтар біздің 12 жылда қамтылған мектеп бағдарламасында болды. Сол себепті де оларға жауап беру аса қиындық тудырмады. Мысалға айтып кетсем, математика пәні менің ойымша тым оңай болған секілді.
Қаламқас Нұрбай сабақтан бос уақытта мәнерлеп өлең оқығанды ұнатады. Ұлт поэзиясының кемеңгері Абайдың қара сөздерін, жазушы Мұқағали Мақатаевтың туындыларын жатқа біледі. Білімпаз қыз қазақ тілі және әдебиеті пәнінен олимпиадаларда талай рет топ жарған.
Қаламқас Нұрбай, облыстық кезеңнің жеңімпазы:
- Әрбір білім додасы, интеллектуалдық ойындардың берері көп деп ойлаймын. 58 оқушының арасынан озып шыққаным мен үшін бір жаңалық болды. Шынымды айтсам мұны күткен жоқпын. Оқуға, алға ұмтылуға үлкен мотивация алдым.
Бекжан Жаңөазен қаласының тумасы. Зияткерлік мектебінде оның інісі Бақдәулет те оқиды. Ағайынды балалар дәрістен қолы қалт етсе шахмат үстеліне жайғасып, ақыл-ой спортында бәсекеге түседі. Бекжан «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысында жоғары балл жинайтынына сенімді болған екен.
Бекжан Ерғали, облыстық кезеңнің жеңімпазы:
- Көшбасшылар бір салада емес, бірнеше салада өз білімін қарастыруы керек. Мен бірнеше университетке тапсырдым. Британ университетінен жауап алдым. Менің негізгі бағытым – химиялық инженерия. Осы инженерия бағытымен болашақта Қазақстанға оралып, өз үлесімді қосқым келеді.
Иннетектуалды сайыста Бейнеулік Фатима Мақсатова мен Фатима Серіктің мерейі үстем болды. Аттас оқушылар биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер. Бірі келешек отандық ғылым саласында жаңалық ашуды жоспарласа, екіншісі дәрігер болуды армандайды.
Фатима Мақсатова, облыстық кезеңнің жеңімпазы:
- Жарыс басталмай тұрып қобалжу болды. Жарыс біткеннен кейін өзімді жеңімпаз сезіну, бұл енді өте керемет сезім. Мен мұны күткен жоқпын. Жалпы физика саласын атап айтсақ, нанотехнология саласын таңдағым келеді. Себебі ол сала өте қызықтырады.
Фатима Серік, облыстық кезеңнің жеңімпазы:
- Менің потенциалымды байқап, осы жарысқа қатысып көруге ынталандырған сынып жетекшіме рахмет. Сенім білдірген ата-анама үлкен рахмет. Мұндай интеллектуалдық ойындарды бұрын телеарнадан қарайтынмын. Өте қызықты әрі мотивация беретін еді.
«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының аймақтық кезеңіне 60-қа жуық оқушы қатысып, 5 бала тестілеуден сүрінбей өтті. Енді олар респубилкалық кезеңде Маңғыстау өңірінің намысын қорғайды. Ақтық сынның жеңімпаздары елдегі жетекші оқу орындарының грантын иеленеді. Зияткерлік жобаны Оқу-ағарту министрлігі «Хабар» агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақтау #XXI ғасыр көшбасшысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz