Жамбыл облысында Сарысу ауданының бес ауыл халқы күнде қатынайтын көпір тозып тұр. 47 жыл бұрын салынған өткелдің жаяу жүргіншілер жолы үгітіліп құлауға шақ тұр.
Темір жақтаулары да жұлынып кеткен. Ал автомобиль жолағындағы асфальт шұрық тесік. Үрейленген көпшілік көпірді жаңартуды сұрап отыр. Себебі тұрғындар бұл өткел арқылы күнде аудан мен ауыл арасына қатынайды. Тәулігіне 200-ге жуық көлік өтеді.
Өткел пайдалануға берілгелі бері үш рет күрделі жөндеуден өткен. Алайда ауылдықтар жүргізілген жұмыстардың сапасына күмәнмен қарайды. Жауапты тарап болса, көпірдің кей бөлігі тозғанымен, бетон негіздері жақсы күйде екенін айтады. Сондықтан қазір ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал алдағы уақытта жобалық-сметалық құжат әзірленіп, көпірге күрделі жөндеу жасау қарастырылып отыр.
Болат Жұмаділ, Досбол ауылының тұрғыны:
- Қазір үстінен көліктің жүруі қорқынышты. Өздеріңіз көріп отырғандай жарылып жатыр. Жеңіл көліктің өзінде шайқалып жатыр. Балабақшаға балалар тасымалдайтын көлігіміз бар. Ауылдың балаларын мына ауданға апарады. Сол кезде қорқып отырамыз.
Дархан Абдуанов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
- Досболдағы көпірдің жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Оны әлі де күтіп ұстау жұмыстары аясында жұмыстар жүргізіледі. Ағымдағы жылы облыстық маңызы бар автожолды күтіп ұстау жұмыстары аясында көпір жақтауларын бетон өткелдерін ағымды жөндеуден өткізу жоспарда бар.
Тегтер #Жамбыл облысы #көпір #жаяу жүргіншілерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz