Жезқазғандағы облыстық көпбейінді ауруханада күрделі жөндеу жүріп жатыр.
Жаңғырту жұмыстары үш жылда кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ескі ғимараттың желдету жүйесінен бастап барлық инженерлік желісі ауыстырылады. Тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ота жасау блогы жаңартылып, қосымша бөлімшелер ашылады.
Облыстық көпбейінді аурухананы жаңғырту былтыр жазда басталған. Осыған дейін мердігерлер ғимараттың екі қабатында жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтады. Аурухананың бірнеше бөлімшесі осы жаңарған блокқа көшті. Науқастар жөндеуден кейін қызмет көрсету сапасының анағұрлым жақсарғанын айтады.
Сәуле Дыбысова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Егер қарасақ, бұрында балалар реанимациясында медқызметкер болып жұмыс істегенмін. Екеуінің айырмашылығы жермен көктей. Көрініп тұр, таза екен, жаңадан жөндеу жұмыстары жасалған.
Күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылы аяқталады. Жобаны жүзеге асыруға облыстық қазынадан 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңғыртудан соң мекемеде төсек саны артып, жаңадан бірнеше бөлімше ашылады.
Шахрух Юлдашев, облыстық Көпбейінді аурухана директорының орынбасары:
- Пульмонология бөлімшесі, ревмотология бөлімшесі, кардиология бөлімшесі және де гастроэнтерология іш қуысы аурулары бөлімшесі ашылады. Алдында біздің науқастар басқа қалаларға операция бойынша ем алуға барса, қазір сол операцияларды осы жерде істейтін мүмкіндік туындап жатыр.
Сабина Ниязова, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Жөндеу кезінде аурухана жұмысы тоқтамайды. Сондықтан жаңғыртуды кезең-кезеңімен жүргіземіз. Биыл тағы 3 қабаты жөндеуден өтеді. Қаржысы бөлінді. Мердігерлер жұмысын жалғастырып жатыр.
Өңірде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін биыл тағы екі емханада күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жетілдіру үшін осы облыстық аурухана жанынан онкологиялық бөлімшеге арналып қосымша ғимарат салынады. Қазір сметалық құжаттары жасалып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Жезқазған #аурухана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz