Сыр өңірінде Ұлттық құрылтайдың секция отырыстары жалғасып жатыр.
Елдің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса азамат өз ойларын ортаға салуда. Алғашқы екі жиын аяқталды. Көп ұзамай тағы екі секцияның отырысы басталады. Қандай мәселелер көтеріліп жатыр?
Бекзат Аманов, тілші:
- Ұлттық құрылтайдың екі секциясының отырысы аяқталды. Қатысушылар елдің әлеуметтік-мәдени дамуы мен «Білім және ғылым» бағыттарын жіктеп-жіліктеп алды. Түрлі ұсыныстар айтты, ойларын ортаға салды. Тіл мен діл, әдебиет пен мәдениет, технология мен тарих түгел қамтылды. Ғылым мен жасанды интеллектіге ерекше назар аударылды. Елордада ашылатын жасанды интеллект университетін құру мәселесін талқылады. Нейрожелі этикасына назар аударылды. Яғни біз жаңа технологияны пайдамызға қалай жаратамыз, зиянынан қалай құтыламыз деген сұрақтарға жауап іздеді. Одан бөлек, ғылымға басымдық берілді. Жоспарда ғылыми қалашықтар құру көзделген. Оның бірі Курчатов қаласында, екіншісі Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында, ал үшінші жоба — Назарбаев Университеті алаңында болады. Аталған бастамаларға қатысты заң жобасын биыл қарау жоспарланып отыр. Жұмысқа инвесторлар мен жекеменшік компанияларды тарту көзделген. Сонымен қатар секция қатысушылары бүгінгі таңда ғылым негізінен ірі мегаполистерде шоғырланғанын, ал өңірлерде бұл сала әлдеқайда баяу дамып жатқанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша өңірлік бюджетте ғылымға арналған жеке қаражат қарастыру ұсынылды. Талқы алаңында сарапшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Аймақтардан келген азаматтар пікірталастың қазанын қайнатты. Себебі Ұлттық құрылтай мүшелері әр шешімнің өңірлерге, ауыл-аймаққа қалай әсер ететінін біледі, жақсы түсінеді. Себебі өздері сол аймақтың адамдары. Жұрт айтып жүрген дала демократиясының да, ұлтты ұйыстырған ұлттық құрылтайдың да мәні мен маңызы осы болса керек.
Зулфухар Гаипов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Жиынға елдің түкпір түкпірінен 100-ден аса құрылтай мүшелері қатысып жатқанын айттық. Енді түстен кейін «Азаматтық қоғам» және «Экономикалық даму» бағыттары бойынша секциялар өтеді. Осылайша төрт тақырып қамтылады. Барлық ұсыныстар ұлттық құрылтайдың хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп, тиісті қорытындылар жасалады. Ал Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы 20 қаңтар күні жоспарланған. Сыр бойындағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады. Бұл туралы Президенттің көмекшісі әрі Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Тегтер #Ұлттық құрылтай 2026 #Қызылорда #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz