RU
Толық нұсқаға өту

Суды үнемдеу - уақыт талабы

21.01.2026, 21:36 234

Семейдегі көлік жуатын 50 орын, айына 12 мың текше метрден астам су пайдаланады.

Орталықтандырылған жүйеден алынатын таза су, есепсіз ағып жатыр, - дейді мамандар. Жаңа су кодексі бойынша тіршілік нәрін қайта кәдеге жарату үшін, көлік жуатын орындар, жаңа жүйеге көшуі тиіс. Бұл су шығынын 30 пайызға азайтады. Дегенмен арнайы қондырғы орнатуға көбі асығар емес.

Жаңа жүйеге көшсе, көлік жуатын орындар бір рет пайдаланылған суды кәрізге ағыза салмай, арнайы қондырғы арқылы тазартып алады. Кәсіпкерлер мұны қолдап отыр. Бірақ біраз қаржы мен уақыт керек дейді. Сапалы, қуаттылығы жоғары жабдықтың бағасы 1 млн теңгеден асады. Орнату үшін, ғимараттың құрылысын қайта жоспарлау тағы бар. Есесіне кейін суды үнемдеп, пайда көруге болады.

Елена Гурьева, Көлік жуу орнының әкімшісі:

- Бұл жабдықты сатып алу мен орнатуға кететін шығын ғана емес. Бұған қоса сүзгілерді жиі ауыстыру керек болады. Ай сайын бірнеше рет жаңартуға тура келеді. Олардың бағасы да арзан емес. Сондықтан бұл біз үшін едәуір қаржылық салмақ болады.

Кодекске сай өндіріс ошақтары, көлік жуу орындары, дәмханалар мен сауда нысандары, моншалар суды тиімді пайдалану жүйесіне көшуі тиіс. Су бірнеше сатыдан тұратын тазарту қондырғыснан өтіп, қайтадан кәдеге жаратылады. Бұл табиғи су қорын сақтауға мүмкіндік береді.

Талғат Мадияров , «Семей су арнасы» МКК Қоғаммен жұмыс бөлімінің басшысы:

- Автокөлік жуу станцияларына қашықтықтан су пайдалану көлемін анықтайтын есепқұрылғылары анықталды. Сонымен бірге жаңағы тұрған автокөлік станцияларындағы пайдаланған суды айналма су ретінде пайдалану үшін арнайы нұсқау, предприсаниялар берілді, олардың орындалуы мекеме кәсіпорын назарында.

Семейде көлік жуатын 1 орын ай сайын  250 текше метрге дейін су тұтынады. Мамандардың айтуынша, жаңа жүйені енгізген кезде су шығынын кем дегенде 30 пайызға азайтуға мүмкіндік бар. Қазір кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, бизнес өкілдеріне қайтарымсыз грант беру, сондай-ақ төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсыну көзделген.

Әрине, жаңа технологияларды енгізу қосымша қаржы мен техникалық дайындықты талап етеді. Дегенмен, кәсіпкерлерге бұған бейімделу үшін жеткілікті уақыт қарастырылған. Тіршілік нәрін үнемдеуге арналған жаңа жоба 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мади Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz