RU
Толық нұсқаға өту

Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленеді

22.01.2026, 13:33 254

Елде Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленеді.

Оны Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындауға тиіс. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда Үкіметке жүктеген маңызды міндеттерінің бірі. Ал енді саладағы бүгінгі ахуал қандай? Көмір қоры жеткілікті ме? 

Әлемдік энергетика қарқынды дамып келеді. Еуропа елдері жел мен күнге сенім артса, көршілес мемлекеттер табиғи газды басты отын ретінде таңдаған. Алайда Қазақстан жаңашылдыққа бет бұра отырып, көмір генерациясын дамытуды ұмытпауы керек, дейді мамандар. Себебі аталмыш сектордағы көмір – экономикалық тиімділік пен экологиялық жауапкершілік арасындағы мықты тепе-теңдікті сақтап отыр.

Талғат Темірханов, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:

- Көмір қорының мөлшері қазіргі таңда шамамен 300 жылға дейін жеткілікті. Ал енді Қазақстанда электр энергия мен жылудың 65 пайызы көмірден алынады бүгінгі таңда. Мемлекет басшысы атап өткендей, көмір генерациясының болашағын айқындап жобалау үшін Ұлттық жобаны әзірлеу қажет. Біздің ойымызша, ұлттық жобаны аясында бастысы көмір генерациясын тек жаңа көмір генерациясы ғана емес, сонымен қатар қазіргі таңда істеп тұрған станциялардың болашағы қалай болатыны – осы сұрақтарға жауап беруі керек.

Расында еліміздің 33 миллиард тоннаға жуықтайтын ауқымды көмір қоры бар. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Жұмыс осы қарқынмен жалғасса, қордағы өнім 300 жылға жетеді. Президент Ұлттық құрылайда осылай деп, Үкімет алдына бірқатар міндет қойды. Қазірдің өзінде Қазақстан осы бағыт бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Демек, көмір мемлекетіміздің стратегиялық активі. Бұл тұста Энергетика министрілігі мүдделі органдармен бірігіп, 1 айдың ішінде Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге тиіс. Жоба әсіресе электр энергиясын өндіруге біршама септігін тигізеді.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Бұл Жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациялау жобалары енгізілетін болады. Экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, «таза көмір» технологиялар негізіндегі жаңа көмір генерациясының жобаларына ерекше назар аударылатын болады. Жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы 3 жылу электр орталықтары жобаларының аяқталу мерзімдері өзгермейді және олардың іске асырылуы Министрліктің толық бақылауында. Әрбір жоба көмір генерациясын дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан Ұлттық жобада егжей-тегжейлі сипатталатын және тіркелетін болады.

Еліміз сағатына 123,1 миллиард килловат электр энергиясын өндіреді. Бірақ бұл барлық жоспарды табысты орындауға жеткіліксіз. Сондықтан Атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтіп отырмай, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алған жөн. Президент осы сөзін сала сарапшылары да қолдап, ой-пікірін ортаға салды.

Марат Қалменов, Электр энергетикасын дамыту институты департаментінің басшысы

- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда саладағы бірқатар олқылықты тізді. Алайда Үкімет түйткілді шешіп, тапсырмаларды орындауға кірісіп кеткенін көріп отырмыз. Енді біз мынаны ұғып алуымыз қажет – елдің сенімді энергетикасы болмаса, Жасанды интеллекті де, өнеркәсіп те қарқын алмайды. Сәйкесінше елдің дамуы тежеледі.  Ал әзірленіп жатқан Ұлттық жоба  көмір генерациясының ғана емес, елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады. Сонысымен де жобаның маңызы жоғары.

Сонымен ел Үкіметі мен энергетиктерінің күшін көрсететін кезең келді десек болады. Саладағы ауқымды жобалар сөз жүзінде жарияланып қоймай, іс жүзінде дәлелденуге тиіс.

Альмира Оразбай, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz