Жезқазғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті.
Жоғары интеллектуалды қабілеті бар оқушыларды қолдауды мақсат еткен байқауға 25 талапкер қатысты. Ең жоғары нәтиже көрсеткен бес оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды.
«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны - интеллектуал оқушылар арасында ерекше танымал жоба. Жеке облыс болып құрылғалы ұлытаулық оқушылар бұл сынға екінші рет қатысып отыр. Мектепішілік алғашқы іріктеуге қатысуға тілек білдірген барлық оқушыға бірдей мүмкіндік берілді. Ал облыстық кезеңде жүзден жүйрік шыққан 25 үміткер бақ сынады.
Руслан Төлен, "Ұлытау дарыны" орталығының директоры:
- Былтырға облыстық деңгейге қатысқан оқушыларымыз республикалық деңгейде өздерінің білімдерін жақсы көрсете алды. Тіпті облыс қоржынына жеңімпаз деген атақты да алып келген болатын. Былтырғы қатысқан оқушыларымыз Алматы қаласындағы мемлекеттік университеттен грант ұтып алды. Былайша айтқанда бұл жобаның, интелектуалды сайыстың оқушыларға беретін мүмкіндіктері өте зор.
Сайысқа қатысушылар 1 сағат 15 минут ішінде тест түріндегі 60 сұраққа жауап берді. Тапсырмалар мектеп бағдарламасына сәйкес жасалған.
Бағлан Оразалы, Сәтбаев қаласындағы №3 мектеп мұғалімі:
- Осы проект біздің бала кездегі көп қараған проектілердің бірі. Біз де осыдан 10 жыл бұрын оқушы болдық және «XXI ғасыр көшбасшысына» қатысып, республика төрінде, «Хабар» арнасында ауылымыздың абыройын қорғасақ деп армандадық. Бірақ ол арманға жете алмай қалсақ та міне шәкірттеріміз соған бір қадам жасап жатыр.
Облыстық кезеңде Сәтбаев қаласынан 5 оқушы бақ сынады. Барлығы республикалық пән олимпиадаларында үздік атанғандар. Солардың бірі Зарина Өмірәлі. Ол болашақта заңгер болуды армандайды.
Зарина Өмірәлі, оқушы:
- Бұл сайысқа қатысудағы мақсатым «XXI ғасыр көшбасшысы» атану. Республикалық кезеңге жолдама ұтып алу десем де болады. Өзіме сенімдімін. Алып шығам деген ойдамын. Көңіл-күйім тамаша.
Гүлім Мұхамбетжан, оқушы:
- «Хабар» телеарнасынан осы «XXI ғасыр көшбасшысын» көріп, үйдегілермен отырып қызығып, сұрақтарын талдап бір-бірімізбен және ол сайыс туралы бұрыннан білемін. Өзім де қатысқым келген тұғын. Енді осы жылы осындай мүмкіндік беріп, сайысқа келіп тұрмын.
Сайыстың ашық әрі әділ өтуін арнайы комиссия бақылады. Іріктеуге қатысқандар арасынан ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 талапкер республикалық кезеңге жолдама алды. Енді олар Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігінің ұйымдастыруымен «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайды.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Нұрбол Үздікбаев
Тегтер #Жезқазған #XXI ғасыр көшбасшысы #Хабар арнасы #24KZ #Хабар агенттігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz