RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында 32 аурухана жаңғыртылады

24.01.2026, 17:10 284

Жыл соңына дейін елде 30-дан астам аудандық аурухана жөндеуден өтеді. Нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында қолға алынады.

Тозған техникасы мен ескірген ғимараты жаңарып, көпсалалы медициналық орталықтарға айналады. Міндетті меже орындалса, 4 млн-нан астам ауыл тұрғынына сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді.

Қостанай облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін екі медициналық мекемені жаңарту жоспарланып отыр. Олар - Арқалық өңірлік және Жітіқара аудандық ауруханалары. Мұнда қабылдау бөлімдері жөнделіп, қосымша орындар ашылады және заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтылады. Бұдан бөлек, кардиологиялық, инсульттік және реанимациялық қызметтерді дамыту көзделген.  Меже орындалса, 100 мыңнан астам тұрғын сапалы һәм жедел медициналық қызметті тұтынады.

Ерлан Аяғанов, Қостанай облысы Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында 2026 жылы Жітіқара аудандық ауруханасында жеке ғимараттың құрылысы жоспарланып отыр. Онда жоғары технологиялық жабдықтар - магниттік-резонанстық томограф пен ангиографиялық қондырғы орнатылады. Сонымен қатар биыл нефрология, гастроэнтерология, кардиология және нейрохирургия бағыттары бойынша қосымша төсек-орындар ашуды жоспарлап отырмыз.

Сыр елінде де сүйінші жаңалық бар. Қызылорда облысының төрт ауданында орталық ауруханалар жанынан инсульт және кардиологиялық орталықтар ашылды. Жоба аясында заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар орнатылды.

Кенесары Баспаев, Қызылорда облысы Қазалы аудандық ауруханасының  бөлім меңгерушісі:

- Қазалы облыс орталығынан 360 шақырым жерде орналасқан.  Арал ауданы 460 шақырым, пациент айтқандай, ол үшін облыс орталығынан 510 шақырым алыста. Яғни ондай пациенттерді ауыр жағдайда тасымалдау мүмкін емес. Кардиология бөлімшесін арнайы ашуға тура келді. Сол кезде ауруханамызда орын жетіспеушілігі анықталды. Төрт ауданға қызмет етеміз деп айттық қой, мысалы, бізде айына 50-60 операция болады.

Жалпы ұлттық жоба аясында ел бойынша 32 аудандық аурухана жаңғыртылады. Қазірдің өзінде 10 медициналық мекемеде жұмыстар аяқталған, қалғандарында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар жедел жағдайлар кезіндегі өлім-жітімді 20 пайызға төмендетуге көмектеседі.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Эльвира Лекерова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz