2036 жылға дейін мамандықтардың тең жартысы автоматтандырылады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы зерттеу жүргізіп, осындай қорытындыға келген. Бұл еліміздің еңбек нарығына қалай әсер етеді? Жасанды интеллект салдарынан кей кәсіп жойылып, жұмыссыздық жайламай ма? Бұл кейбір мамандық жойылады дегенді білдіре ме?
Бірінші зерттеу туралы толықтырып кетейін. Бұл Ғылым және жоғары білім министрлігінің Quacquarelli Symonds-пен (куаккорели Симонспен) бірлескен талдауы. Онда еліміздің еңбек саласында орын алуы мүмкін өзгерістерге болжам жасалған.
Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Болжамдар жасанды интеллекттің Қазақстандағы жұмыспен қамту саласына елеулі ықпал ететінін көрсетті. 2035 жылға қарай мамандықтардың 53%-ына дейін ішінара автоматтандырылады. Бұл ең алдымен рутиналық міндеттер басым салаларға, көп орындалатын бухгалтерия, қаржы, логистика және әкімшілік жұмыстарға тән. Сонымен қатар, жұмыс орындарының 70%-ына дейін жасанды интеллекттің арқасында тиімдірек бола түседі.
Жалпы технологияның дамуымен мамандықтардың жойылуы қатар жүретіні белгілі. Мәселен, жүз жыл бұрын сұранысқа ие болған киномеханиктердің бүгінде керегі жоқ. Ал діттеген жерге жеткізген арбакештердің орнын бүгінде такси жүргізушілері басты. Сондықтан сарапшылар көп кәсіп жойылмаса да трансформацияға ұшырайтынын айтады.
Алмат Кенен, IT-маман:
- Жасанды интеллектінің енуімен ІТ саласының маңызы артып отыр. Жаңа мамандықтар инженерия, компьютерлік технологиялар мен әлеуметтік ғылымдардың қосындысынан пайда болып келеді. Мәселен киберадвокаттар құқық саласында жоғары білімі бар азаматтар болуы шарт. Олар кейін ІТ саласындағы білімін арттырып, жаңа заманда сұранысқа ие маман бола алады.
Қазірдің өзінде әлемде жасанды интеллект әр мамандық иесіне қосымша мүмкіндік пен көмек болып саналады. Болашақта жаңа технологияларды жетік меңгергендердің мұртын балта шаппайтын түрі бар.
Аршат Ораз, IT-маман:
- Біз қазір бірінші кезеңдеміз әлі. Ақпараттандыру. Әлі адамдар ЖИ-дің не екенін түсінбей жатыр да. Сондықтан бірінші кезеңде дұрыстап ақпараттандыру болады. Одан кейін ең бірінші әсері еңбек нарығында – ол теңсіздік пайда болады. Яғни ЖИ-ді білетін маман мен ЖИ-ді қолданбайтын маман арасындағы жалақы айырмашылығы айтарлықтай көрінетін болады.
Сарапшы пікірінің жаны бар. Себебі Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнамаға қатысқандардың тең жартысынан көбі жасанды интеллектті қолданбайтынын айтқан. Ал 12 пайызы нейрогенераторлар туралы бұрын естімеген. Олардың көбі егде жастағы азаматтар мен ауылды жерлердің тұрғындары. Ал қалған респонденттер жаңа технологияны қолданып жүргенін жеткізген. Тіпті күнделікті пайдаланатындар да бар. Олардың басым бөлігі жастар. Қазір қазақстандықтардың цифрлық сауатын арттыру үшін түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр.
ЖИ ҚОЛДАНБАЙТЫНДАР – 52,6%
ЖИ ТУРАЛЫ ЕСТІМЕГЕНДЕР – 12,4%
ЖИ ҚОЛДАНАТЫНДАР – 47,4%
ЖИ-ДІ КҮНДЕЛІКТІ ҚОЛДАНАТЫНДАР – 10,0%
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫ ЖҮРГІЗГЕН САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІ
Иманғали Есімбек, «TALAP» КЕАҚ ТЖКБ жүйесін зерттеу және мониторинг бөлімінің бас менеджері:
- 2025-2026 жылдары 140 мың студент және 40 мың педагогты жасанды интеллект саласында базалық білім алады деп жоспарланып отыр. Яғни бұл студенттер үшін факультатив сабақтар болады. педагогтерге арнайы семинарлар және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.
Дегенмен, жасанды интеллект еңбек нарығын түгел жаулап алады деуге болмайды. Себебі тың технология өз бетінше шешім қабылдауға қабілетсіз, дейді мамандар.
Мұхамед Бағдатұлы, Headhunter Орталық Азиядағы маркетинг және PR менеджері:
- Жасанды интеллект адамды ауыстыра алмайды. Әсіресе қызмет көрсету саласында адамның еңбегі маңызды болып қала береді. Себебі жасанды интеллект орындай алмайтын міндеттер бар. Сондықтан, шешім қабылдайтын кез-келген салада адамның шешуші орны сақталады.
Демек, жасанды интеллект бәсекелес емес, тиімді құрал. Оны ұтымды пайдаланған адам табысқа кенеліп, меңгере алмағандар заман көшінен қалып қоймақ.
Тегтер #жасанды интеллект жылы #жалақы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz