Қызылорда облысының ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Соңғы үш жыл ішінде өңірге 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, 27 ірі жоба жүзеге асырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қызылорда облысының заман талабына сай даму қарқынын ерекше атап өткен болатын.
Іске асырылған жобалардың ішінде жаңа жылу электр орталығының маңызы зор. Стратегиялық нысан толығымен инвестордың қаражатына салынған. Бұл аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, энергия тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған.
Тахир Нәдірбек, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Біздің өңірімізде 240 МВт электр энергиясын және 277 Гкал өндіретін жаңа жылу қондырғысы толығымен іске қосылатын болады. Бұл өңірімізді электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешетін болады.
Электр энергиясының артылған бөлігі басқа облыстарға да сатылады. Кезінде экономикасы мұнай мен агросалаға байланған өңірде шикізат қана емес, дайын өнім шығаруға басымдық беріліп отыр. 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің экономикадаға үлесі 24 пайыз шамасында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 38 пайызға жуықтады.
Мөлдір Сұлтанбекқызы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында құны 30,1 млрд теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылып, бүгінгі күні 488 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, олар: кондитерлік, макарон және печенье өнімдерін шығару кешені, кірпіш, айна зауыттары, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, күріш, ас тұзын өндіру зауыттары.
Өндірістің өсуі экспорттық әлеуетті де арттырды. Қазір аймақта 40-тан астам экспорттаушы кәсіпорын бар. Олар азық-түліктен бастап, құрылыс материалына дейін сырт елдерге сатады.
Бауыржан Бегімжан, Индустрияландыру бөлімінің басшысы:
- Өңделген өнімдердің экспорт көлемі үлесі 29,3%-ға жетті. Оның ішінде экспорттың жалпы көлемі 477,2 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Қазіргі уақытта өңірде 40-тан астам экспорттаушы кәсіпорын жұмыс жасауда. Атап айтқанда: күріш, ас тұзы, балық өнімдері, цемент, шыны, уран оксиді мен аммоний метаванадаты экспортталатын негізгі тауарлар болып есептеледі. Бұл көрсеткіштер өңіріміздің экспорттағы әртүрлілігін және өңделген өнімдердің маңызын айқын көрсетуде.
Мамандардың айтуынша, бұл кешенді шаралар аймақтың экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Инвестиция тарту мен индустрияландыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #инвестиция #Қызылорда #Президент тапсырмасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz