Әлемдегі үздік ұстаздың бірі Алматыда тұрады.
Химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова жер бетіндегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарына енді. Global Teacher Prize халықаралық байқауы қорытындысын шығарып, ұстаздардың тізімін жариялады.
Мемлекет басшысы Татьяна Белоусованы осы беделді байқаудың финалисі атануымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз әрдайым ұстаздардың мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайтынын жеткізді.
Global Teacher Prize халықаралық байқауының портфолиосын жасау да оңай шаруа емес. Онда 15 түрлі эссе жазылып, бейнефильм түсірілуі керек. Әлемге танымал тұлғалар мен түлектердің, әріптестерінің ұсыныс-пікірлері болуы талап етіледі. Одан өзге де шарттары жетіп артылады. Химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова осының бәрін орындап шықты. Өйтетіндей жөні бар. Білім саласында еңбек етіп келе жатқанына 40 жылдан асты. Еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар. Онда 1984 жылы осы нөмірі №95 мектепке қабылданғаны туралы ғана жазылған.
Татьяна Белоусова, №95 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі:
- Әрине, бұл байқауға қатысып, оның талабын орындау үшін табандылық керек. Мен былтыр да қатысқам. Ол кезде іріктеуден өткен 100 педагогтың қатарынан табылдым. Одан кейінгі кезеңде үздік 50-ін таңдап алады. Биыл тағы бағымды сынап көріп сол 50-дің қатарынан табылдым. Білесіздер химия оңай пән емес. Оқушыларымның сабақ соңында тақырыпты жақсы түсіндік дегені – мен үшін үлкен бақыт. Ең үлкен баға мен үшін осы.
Бұл жолы байқауға әлемнің 139 елінен 38 000 өтінім түскен. Солардың ішінен 5 000, кейін 100, соңында ең мықты 50 үміткер іріктеліп алынды. Солардың қатарында педагог-шебер, «Қазақстанның үздік ұстазы – 2024» құрметті атағының иегері Татьяна Белоусова да бар.
Айгүл Сағындықова, №95 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Біз оның сабақ беруіне, жұмыс істеуіне тәнтіміз. Татьяна Геннадьевна 2024 жылы «Жыл мұғалімі» атағын алып, 10 млн теңге ұтып алды. Сол 10 млн теңгенің едәуір сомасын бізде мектепте жақсы оқитын балаларға планшет, телефон компьютер сияқты сыйлықтырды тарту етті. Ол үлгі тұтарлықтай мұғалім. Татьяна Геннадьевнаның талпынысына қарап, ол заман талабына сай химия пәнін ағылшын тілінде үйретті, ютуб каналы бар.
Татьяна Белоусованы ұсынғандардың қатарында АҚШ-тағы Йель университетінің оқытушысы Сергей Дергунов пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы Дарья Можаева бар. Одан дәріс алған талай шәкірт қазір ел игілігі үшін еңбек етіп жүр.
Әлима Қасенова, 10-сынып оқушысы:
- Мен Татьяна Геннадьевнаға таңғалудан жалықпаймын. Әр сабағына қуана кіремін. Қазір біз оқып жатқан химия оқулығының авторы. Әрине, оқулықты жазған маманнан дәріс алу бөлек сезім. Ол кісі әр сабақтың соңында 5 минут уақытты химияға қатысты заңдылықтарды талқылауға қалдырады. Оны мысал келтіріп, өмірмен байланыстырып түсіндіреді.
Айта кетейік, Қазақстан Global Teacher Prize байқауына бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытта қазақстандықтар үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енді. Ақпан айының басында Дубайда өтетін Дүниежүзілік білім беру форумында байқау финалистерін марапаттайды. Бұл шараға Татьяна Белоусова Қазақстанның атынан қатысады. Татьяна Белеусова келесі жылы да бағын сынап, үздік 10 ұстаздың қатарына кіруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #үздік ұстаз #химия пәні #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz