Жоба «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде Сарайшық ауданындағы 17 мектепті қамтиды.
Ол жасөспірімдердің заңға деген құрметін қалыптастырып, білімдерін тәжірибемен ұштастыруды көздейді.
«Болашақ прокурорлар клубы» Сарайшық ауданында 17 мектепте ашылды. Елордалық оқушылар құқықтық сауаттылықтарын арттырып, заң саласын меңгеріп жатыр. Клубқа 7-11 сынып оқушылары қатыса алады.
Құралай Ізмұратова, Астана қ. Сарайшық ауданының аға прокуроры:
- Бұл клубтың ерекшелігі - оқушыдан оқушыға қағидаты. Яғни құқықтық білімді жасөспірімдер өз қатарластарына жеткізеді. Мұндай тәсіл оқушылардың бір тілде сөйлесуіне, ақпаратты жеңіл қабылдауына және сенімді білім ордасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жұмыс екі бағытта жүргізіледі. Прокуратура органдарымен, екіншісі мектепішілік бастамалар. Яғни бұл эссе, құқықтық сабақтар, пікірталастар, форум, акциялар. Яғни құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған абрлық іс-шаралар кіреді.
Жансері Сенғазы №73 мектеп-лицейінде Болашақ прокурорлар клубының көшбасшысы. Білім ордасында 2 мыңнан аса бала білім алып жатыр. Клуб мүшелері оқушыларға заң мен тәртіп ұғымын түсіндіріп, жауапкершілік пен адалдық қағидаларын насихаттайды.
Жансері Сенғазы, клуб көшбасшысы:
- Менің міндетім біздің мектептегі Сарайшық ауданының Прокуратурасымен көптеген ғимараттарға барамыз. Сосын келеміз де клуб мүшелеріне айтамыз. Әрі қарай профилактикалық жұмыстар, құқықтық соттар, істі кейсті, қойылымдарды өткіземіз. Қазір біздің клубымызда 12 адамдай бар.
Әр мектепте оқушылардың осы бағыттағы жұмыстарына жауапты куратор бекітілген. Ол клуб мүшелерімен бірігіп пікірсайыс ойындарын, дөңгелек үстелдер мен құқықтық сабақтар сынды шаралар ұйымдастырады.
Гүлшат Қалтаева, Астана қ. №73 мектеп-лицейінің директоры:
- Мектеп үлкен болғаннан кейін жасанды интеллект арқылы информатика пәндерінің мұғалімдері балалармен түрлі жобалар қарастырып жатыр. Сол жобалардың бірін жүзеге асырайық деп жатыр. Бұл пайтон бағдарламасы арқылы мектептегі камераларға құрылғылар орнатады, бағдарламалар кіргізеді. Сол арқылы біз балаларды қарап отырамыз.
Әсима Бимендина, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Балалардың қауіпсіздігіне бұл өте үлкен көмек. Өйткені балалар бір-бірімен тіл табады. Балалар бір-бірін өте жақсы түсінеді. Сондықтан қауіпсіздік жағдайда не істеу керек, қалай жүру керек, қалай болу керек соның бәрін осы клубтың мүшелері балаларға түсіндіріп, олармен жұмыс жасаса, бұл педагогикалық ұжымға да, балаларға да үлкен көмек деп ойлаймын.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және тәртіпті, саналы азамат етіп тәрбиелеу. «Болашақ прокурорлар клубы» тек кәсіби бағдар емес, сонымен бірге балаларға олардың құқықтары мен міндеттерін ұзақ дәріссіз-ақ түсіндірудің тиімді жолы.
Айжан Байғалиева, ата-ана:
- Қызымның Прокурорлар клубына мүше болғанына қуанамын. Себебі кішкентай кезінен өз құқығын, өз міндетін білген дұрыс деп санаймын. Ертең үлкен өмірге аяқ басқан кезде де алдында қандай да бір проблемалар немесе келеңсіздіктер шығып жатқан кезде бала өзі шеше алатын деңгейде құқықтық сауаттылығы жоғары болу керек. Негізі осы уақытқа дейін балам медицинаға барамын деп жүрген. Қазір 9-сыныпта оқиды. Бірақ осы клубқа мүше болғалы бері заң саласына кетсем бе деп ойы өзгеріп жүр.
«Болашақ прокурорлар клубының» жұмысы тек мектеппен шектелмейді. Бұл - бүгінгі оқушы мен ертеңгі заңгер арасындағы алтын көпір, - дейді мамандар.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Санжар Біргебаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Заң мен тәртіп #болашақ прокурорлар клубыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz