Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Балқаш, Ұйғыр және Райымбек аудандарында 552 шақырым суару желілері жаңғыртылады.
Бұл жұмыстарға 86 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 34 мың гектар жер айналымға қосылады. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өңірге 11 млрд-қа жуық қаржы бөлу көзделген. Аталған мәселелер үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында жан-жақты талқыланды.
Алматы облысында биыл 436 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себіледі. Соның жартысынан астамын суармалы жерлерге егу жоспарланып отыр. Алайда егіс алқаптарына су жеткізу қиын. Суару желілері әбден ескіріп, тозғандықтан су қоймаларынан ағып шыққан тіршілік нәрінің 50 пайызы алқаптарға жетпей, жерге сіңіп кетеді. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне баса назар аударылды.
Ғалым Тоқпейісов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Біздің Алматы облысы бойынша 2030 жылға дейін 180 мың га жерге дейін су үнемдеу технологиясын енгізу. Әр жылы, былтырғы жылы 66 мың га жер болуы керек болған республиканың бізге Ауыл шаруашылығы министрлігінің берген тапсырмасы. Былтыр сол деңгейді толығыменен 66 мың гектарға шығардық. Енді биылғы 2026 жылға 90 мың гектарға дейін жеткізу туралы міндет қойып отыр.
Шеңгелді алабында 16 мың гектар сурамалы жер болса, соның жартысы ғана ауыл шаруашылығы мақсатында игеріледі. Себебі Кеңестік кезеңде салынған сорғы станцияларының 80-90 пайызға тозығы жеткен. 2023 жылы өңірдегі алты аудан мен Шеңгелді алабында суару желілерін жаңарту жобасы жүзеге асырыла бастады.
Бірақ қаржы жетіспеушілігінен белгіленген жұмыстың 13%-ті ғана атқарылды. Биыл 552 шақырым суару желілері жаңғыртылады.
Бақытнұр Бақытұлы, облыс әкімінің орынбасары:
- Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек аудандарының аумағында жүзеге асады. Мердігер анықталып, жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 34 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Бұл өте жақсы көрсеткіш болар еді. Ол су көздерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа 2023 жылдан бері 13,3 млрд теңге бөлінді. Биыл 10,8 млрд теңге қарастырылады. Үкімет басшысының орынбасары Қарасай ауданындағы жаңа индустриалды жобалардың жүзеге асу барысымен де танысты. Мұнда жуық арада 200 тонналық тіркемелер құрастырылады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы облысы #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz