600-ден аса оқушының ішінен бірінші орын алған бес оқушы зияткерлік сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Ақбота Сәбитова мен Аружан Жұмәділ Мұхтар Арын атындағы №24 мектеп-лицейде оқиды. Бір сыныпта білім алатын жас дарындар «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Осылайша, оқу ордасында ғана емес өңірдегі озат оқушылардың бірі екенін дәлелдеді.
Ақбота Сәбитова, оқушы:
- «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысы мен үшін өте маңызды. Себебі бұл сайыста менің түскім келетін жоғарғы оқу орнының гранты бар. Сайыс арқылы мен өзімнің арман мақсатыма тезірек жете аламын.
Аружан Жұмәділ, оқушы:
- Бірінші орын аламын деп күтпеген едім. Бірақ өте қуаныштымын. Болашақта Қазақстанның дамуына үлес қосатын азаматтардың бірі боламын деп ойлаймын. Өте қуаныштымын. Себебі сайыс болашағыма жол ашады.
Ал Әлхам Бауыржан Текелідегі №5 орта мектепте білім алады. Құқықтану пәнінен облыстық олимпиаданың жеңімпазы. Заң саласына қызығатын жас өрен әке жолын жалғамақ.
Әлхам Бауыржан, оқушы:
- Біздің отбасымыз заңгерлер. Апам прокурор болғандықтан өзім заңға қатты қызығамын. Қоғамдағы заңның бұзылмауын қадағалап, әділ қызметтерді атқарғым келеді.
Білім додасында бірінші орын алғанын сүйіншілей жеткізген - Дархан Жанғазы. Ол байқауға Еңбекші ауылынан келді. Ата-апасының мейіріміне бөленіп өскен жас үй шаруасына да қолғабыс етеді.
Дархан Жанғазы, оқушы:
- Азаматтық ұшқыш мамандығын таңдап отырмын. Менің мақсатым десем де болады. Қандай мамандық таңдасақ та, ең бастысы еліміз үшін адал қызмет етіп, елімізді әлемге таныту ең басты парызымыз деп ойлаймын.
Даниял Досымұлы салауатты өмір салтын ұстанып, музыкаға әуестенеді. Қарабұлақ орта мектебінің оқушысы келешекте білікті дәрігер болғысы келеді. Сол үшін биология пәнін тереңдетіп оқып жүр. Оған қоса енді «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауына да тыңғылықты дайындалады.
Даниял Досымұлы, оқушы:
- Отбасым маған үлкен үміт артады, сонымен қатар мектепте мұғалімдер де маған сенеді. Солардың үмітін ақтау үшін республикалық кезең үлкен мүмкіндік. Олардың үмітін ақтап республикалық кезеңде орын алуға тырысамын.
Аймақтағы сайысқа қатысқан 600-ден аса оқушының ішінен оза шапқан оқушылар енді республикалық кезеңде сынға түседі. Жеңімпаз атанғандар тұтас елге танылып, ЖОО грантын жеңіп алады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #оқушылар #зияткерлік сайысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz