RU
Толық нұсқаға өту

Ш. Мұртаза мұрасы Ұлттық архивке табысталды

02.02.2026, 18:35 301

Бүгін Ұлттық баспасөз күніне орай белгілі қаламгер, қазақ прозасының жампозы Шерхан Мұртазаның қолжазбалары мен құнды құжаттары зиялы қауым өкілдерінің назарына ұсынылды.

Ұлт руханиятында өшпес із қалдырған заңғар жазушының 6 мың беттен аса қолжазбасы былтыр Республика күні қарсаңында Ұлттық архивке табысталған еді. Нәтижесінде қаламгердің тозығы жеткен бірқатар мақаласы, құнды құжаты, сирек кездесетін фотосуреттері мен мыңдаған еңбегі жаңартылып, өңдеуден өтті.

Қоғамның үнін қаламмен қаузаған Шерхан Мұртазаның есімі жыл өткен сайын халық жадында жаңғырмаса, көмескі тартпағаны рас. Шығармашылық жолын шағын әңгімелерден бастаған қаламгер уақыт өте қазақ әдебиетіне салмақты, бірегей туындыларын тарту еткен жампоз жазушыға айналды. Сондықтан да Шерағаның қаламгерлік мұрасы кейінгі буынға теңдессіз қазына, рухани бағдар боп қалары сөзсіз.

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

- Әрине, Шерағаның үлкен қоры ауылы Жуалыдағы архивінде. Бұл сол архивтің бір бөлігі деп есептеуге болады. Бірақ Шерағаның біраз өмірі Астанада өткеннен кейін «Астанада да Шерағаңа қатысты не бар?» деген сұраққа жауап беретін осы қор болады ғой деп есептейміз. Архивті өз көзімізбен көргенде, Шерағаның бір мұқияттылығы барлық құжатқа өте ықтиытты болғаны аңғарылады.

Ұлттық архивке ұсынылған құжаттардың дені жылдар өте сарғыш тартып, кейбіріне көк түсіп, ылғалданып, бүліне бастаған соң мамандар бірден ғылыми іріктеу жүргізіп, көнерген парақтарды бірнеше қайтара өңдеуден өткізген. Шаң басқан беттер механикалық және химиялық тұрғыдан тазартылып, күлдіреп кеткен тұстары зертханалық реставрациямен қайта қалпына келтірілді.

Сауытбек Абдрахманов, қоғам қайраткері:

- Шерағаң ұлттық ұғымға айналған тұлғалардың бірі. Есімі мыңдаған адамдарға қойылған тұлға. Сондықтан бұл кісі басқа категориядағы тұлға. Ал енді ол кісіден қалған мұраны, қолжазба мұрасын жақсылап ұқыптап сақтап, Ұлттық архивке сенімді жерге тапсырып отырған «Қазақ газеттері» ұжымына біз разылығымызды білдіреміз.

Жазушының мұрасы тек архив қабырғасында ғана сақталып қоймай, алдағы уақытты цифрлық форматқа көшіріліп, Шерхантанушылардың ғылыми зерттеулеріне арқау болмақ.

Авторлары: Назым Кенжебай, Абдулхамит Бөлекпаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz