Бүгін Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Павлодар облысының әлеуметтік саласын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
Жиынға әлеуметтік блокқа жетекшілік ететін салалық министрліктердің басшылары мен облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Өңірде оң нәтижелермен қатар, шешімін күтетін мәселелердің де бары айтылды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында медициналық кадрларды даярлауды күшейту және халықпен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге назар аударылды. Оның ішінде вакцинацияға қатысты медиажоспар әзірлеу міндеті белгіленді. Білім беру саласында орта білім сапасын арттыруға, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыреттерін күшейтуге басымдық берілді. Бұл ретте өңірдің инклюзивті білім беруді дамытудағы жоғары көрсеткіштерін сақтау маңызды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бағыты бойынша әлеуметтік келісімшартты іске асыру, әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс істеуі және көші-қон саясатына қатысты мәселелер қаралды. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі және туризм мәселелері ортаға салынды. Баянауыл курорттық аймағы жыл сайын есептік мүмкіндіктерінен асатын көлемде демалушыларды қабылдайтыны айтылды. Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева облыс әкімдігіне әрбір бағыт бойынша нақты шаралар қабылдап, қызметтер сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруды және кадр тапшылығын кезең-кезеңімен төмендетуді де тапсырды.
Тегтер #Павлодар облысы #үкімет #Аида Балаева #әлеуметтік дамуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz