RU
Толық нұсқаға өту

Асауды ауыздықтаған ару

04.02.2026, 08:30 239

Тәттімбет ауылында тұратын қаршадай қыз жабағы үйретіп, атқа шауып жүр. Жабағы, тай жарыс - Қарағанды облысындағы бұл ауылда күнделікті әдет.

16 жастағы оқушы қыз мергендігімен де танымал. Енді ат үстінен садақ тартып, бақ сынаймын дейді.

Бибігүл ұялы телефонға телміргенше, атқа мініп табиғат аясында бой сергіткенді ұнатады. Арғымағымен күнде төңіректі шарлайды. Қажет кезде мал бағып әкесіне қолғабыс етеді. «Ат үстінде өзімді қырандай қалықтап келе жатқандай сезінемін», - дейді шабандоз ару.

Бибігүл Ықсан, шабандоз:

- Аттан қанша құласам да бет қайтпайды. Ат адамның қанаты болғаннан кейін бәрі бір сонда да жүрек тартып тұрады. Қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салты, дәстүрі ғой, қанымызда бар.

Қызым кішкене күнінен өжет болды,-дейді әкесі Айтқали Кәріміов. Бибігүл ұл балалармен бірге ойнап, жабағы үйретіп өсіпті. Оның жылқыға жақын болу  қасиеті атасынан дарыған.

Айтқали Кәрімов, Бибігүлдің әкесі:

- Өзі солай әуестенді, сосын үйреттім. Атқа құмар болды. Қанда бар, үлкен әкем 77 жасына дейін атқа мінген. Сол қарапайым қойшының баласымыз ғой.

Шабандоз қыз екі жылдан бері садақ атумен айналысады. Аудандық, облыстық жарыстарда атой салып жүр. Жаттығуын ешқашан үзген емес.

Бибігүл Ықсан, шабандоз:

- Садақ жай атып қана қоймай, ол бір мақсат деп ойлаймын. Көздеген мақсатыңа жету, әр нәрсенің өз мақсаты болады, соған жету. Енді мақсатым ат үстінде жамбы ату, садақ атумен айналысқым келеді.

Бибігүл 11-сыныпта оқиды. Класында алты ұлдың ортасындағы жалғыз қыз. Оқуда озат. Ұстаздары оның табандылығын жоғары бағалайды.

Бағдат Аманжолқызы, сынып жетекшісі:

- Біртоға, салмақты, көп сөйлемейтін, ер балалардың ортасында өскендіктен бе, әлде қаннан сіңген қасиет пе өр мінезді. Өте тәрбиелі қыз, болашақ мамандығы да таңдап отырғаны алғашқы әскери дайындық мұғалімі. Енді қарап отырсаңыз ер балаға тән мінезді  мамандық таңдауынан да байқауға болады.

Шабандоз қыз алдағы уақытта ат үстінде түрлі айла-әдіс жасауды үйренбек. Келешекте олимпиадалық садақ ату спортын меңгергісі келеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz