Бұл бағыттағы ауқымды жобалардың бір парасы былтыр ел игілігіне тапсырылды. Биыл да бұл жұмыстар заңды жалғасын табады.
Сабақты ине сәтімен болса, еліміз арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 55 млн тоннаға жетпек.
Былтыр елде теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемі 20 пайызға артып, 33 млн тоннаға жетті. Ал соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 1,6 есе өскен. Бұған «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар ықпал етуде.
Рахметолла Құдайбергенов, «Самұрық-Қазына» АҚ Көлік және коммуникациялар департаментінің директоры:
- «Самұрық-Қазына» қорының инвестициялық портфелінде елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін 130-дан астам жоба бар. Олардың дені көлік-логистика саласын дамытуға арналған.Тек өткен жылы Ақтауда логистикалық хаб пен Алматыда контейнерлік терминал пайдалануға берілді. Достық – Мойынты және Алматы айналма теміржол желілерінің құрылысы аяқталды. Жаңа бағыттарда пойыздардың жұмыс қозғалысы іске қосылып, алғашқы миллиондаған тонна жүк өткізілді.
Аталған жұмыстар қазір де жалғасып жатыр. Соның бірі әрі бірегейі: Мойынты – Қызылжар теміржол желісінің құрылысы. Ол Достық – Мойынты бағытының жалғасына айналып, Трансқазақстандық теміржол дәлізінің негізгі болады. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда Дарбаза – Мақтаарал теміржол жобасының да орны айрықша.
Айнұр Дивеева, сарапшы:
- Бүгінде еліміз инфрақұрылымды дамытуға ден қойғанын көруге болады. Әсіресе кейінгі жылдары салада серпіліс бар. Жаңа теміржол желілері салынып, негізгі желілердің өткізу қабілеті кеңейтіліп жатыр. Бірнеше логистикалық хабтардың құрылысы қолға алынды. Осы секілді жұмыстар транзиттік салада жүйелі дамуға көшкенімізді білдіреді.
Бақты – Аягөз теміржол желісі де ерекше маңызға ие. Ол Қытай бағыты бойынша транзитті күшейтеді. Бұған қоса Достық - Алтынкөл шекаралық станцияларындағы жүктемені азайтады. Осы және өзге де байыпты бастамалар Қазақстанның жаһандық көлік бағытында орнын нығайта түспек. Биылдың өзінде еліміз арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 55 млн тоннаға жетеді деген болжам бар.
Авторы: Назерке Тоқжан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #СамұрықҚазына #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz