RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда былтыр 15 жүрек трансплантациясы жасалды

05.02.2026, 18:00 204

15 адам жаңа өмірге қадам басты. Күрделі операцияны алматылық дәрігерлерде де меңгеруде.

Соның ішінде Алматы қалалық Кардиологиялық орталығында жыл соңында алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды.

Алматылық Афган Тагиев – қалалық кардиоорталықта жүрек алмастырылған алғашқы науқас. 34 жастағы азаматқа созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған. Ол 9 жылдан астам уақыт энергетикалық сусындарды жиі ішкен. Шаршағанды басып, күш береді деп ойлаған. Бастапқыда күніне бір-екі шөлмекпен шектелген. Тәуелділігі күшейіп соңында аурухана төсегінен бір-ақ шығыпты.

Афган Тагиев, қала тұрғыны:

- Бастапқыда дәрі-дәрмекке үміт арттық. Кейін дәрігерлер жағдайдың ушығып бара жатқанын көріп, жүрек ауыстыру керек деп ұйғарды. Операция бес сағатқа созылды. Бәрі жақсы өтті. Қазір оңалып, емделіп жатырмын. Өзімді жақсы сезінемін.  Қазір баяу болса да, көп қадам жасап, жиі серуендеуге тырысамын.

Афган донор жүрегін бір айдан астам уақыт күтті. «Отаға уақытында жете алмай қалам ба?», деп алаңдағанын жасырмайды. Алаңдауға себеп бар, қазір елімізде трансплантация кезегінде 4,5 мынан аса науқас тұр. Өкінішке қарай былтыр донор ағзалардың жетіспеуінен 342 адам операцияға жете алмай қайтыс болды. Алайда Алматыдағы кардиологиялық орталықтың хирургтары тағы бір қайғылы оқиғаның алдын алды. Олар алғашқы, әрі күрделі операцияны сәтті жасады.

Гүлнұр Ақылбекова, Алматы Кардиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Жалпы трансплантация бойынша мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Соның арқасында көптеген науқастар өздерінің өмірлерін ұзартып, өмір жағдайын жақсартып жатыр. Бұл пациенттеріміз алғашқы жылы әр үш айда бір қаралады, әрмен қарай жылға бір рет қаралатындай жағдайға келеді.

Қазір Афган жаңа жүрекпен өмірге қайта бейімделіп жатыр. «Отадан кейін өзіме және денсаулығыма жауапкершілік арта түсті», – дейді ол. Ол жастарға қауіпті әдеттерден аулақ болуға кеңес берді.

Афган Тагиев, қала тұрғыны:

- Әсіресе жас буынға энергетик, түрлі газдалған сусындарды ішпеңдер деп ақыл айтамын. Қазір жас балалардың қолынан түрлі осындай сусындарды жиі көремін. Сондайда «өміріңізге өз қолыңызбен балта шаппаңыз» деймін.

Мамандар жүрек ауруларының асқынуы көбіне зиянды әдеттерден туындайтынын ескертеді. Афган Тагиев қазір дәрігерлердің бақылауында. Қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады. Бүгінде ол отадан кейінгі оңалтудың екінші кезеңін өтіп жатыр. Дәрігерлер бәрі жақсы болса, жарты жылдан соң жұмысына, қалыпты өмірге оралады деп отыр.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz