Қазақстандағы Конституциялық реформа жаһан елдері мен саяси қауымдастықтардың жіті назарында тұр.
Себебі саяси өзгерістер мемлекетіміздің әлем елдерімен қарым-қатынасын дамытуға ықпал ететіні белгілі. Қазақстандағы реформа жайлы шетелдік сарапшылардың пікірі қандай?
Қазақстандағы реформа саяси экономиканың негіздеріне сүйенеді. Корея халықаралық экономикалық саясат институтының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Минхён Чжон осындай пікірде. Оның айтуынша, Конституциялық реформа институттарды дамудың ұзақ мерзімді өндірістік факторлары ретінде қарастырады. Қазақстанның алға қойып отырған экономикалық жоспарлары орта державалы елдердің міндеттеріне ұқсас келеді, - дейді Корей сарапшысы. Себебі олар ең алдымен саяси ортаның болжамдылығы мен тұрақтылығын көздейді.
Минхён Чжон, Экономика ғылымдарының докторы, Корея Халықаралық экономикалық саясат институтының профессоры:
- Қазақстанның күн тәртібінде қаралып жатқан саяси реформа басқару тәсілдерін өзгертуімен емес, мемлекеттің қызмет ету логикасын қайта құру ұмтылысымен маңызды. 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін саяси жаңғыртудың жаңа кезеңі ретінде қарастырылған бұл бастаманы мемлекеттің тұрақтылығын нығайтуға, үкіметтің тиімділігін арттыруға және «Күшті Президент – Ықпал етуші Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша теңгерімді тежеулер мен тепе-теңдік жүйесін құрудағы іс-қимылын білдіреді. Егер реформа сенімді түрде жүзеге асырылса, бұл пакет ішкі саясатқа ғана әсер етпейтіні анық. Ол ұзақ мерзімді экономикалық трансформацияға, демократиялық дамуға және Қазақстанның халықаралық беделіне ықпал ететін болады.
Серіктес елдермен қарым-қатынасты нығайтып, дипломатияны дамытуда Қазақстандағы саяси тұрақтылық аса маңызды. Арменияның тұрақты даму және мемлекеттік басқару институтының басшысы Геворг Меликянның осыған қатысты пікірі мынадай.
Геворг Меликян, Арменияның тұрақты даму және мемлекеттік басқару институтының басшысы:
- Сыртқы саясаттың болжамдылығы ішкі институционалдық тұрақтылыққа тікелей байланысты. Қазақстандағы конституциялық реформа мемлекеттік басқаруды жақсартып, саяси ықпалдың бейресми тетіктерін жоюға және билік мұрагерлігін (оның ішінде вице-президенттікті де) институционалдандыруға бағытталады әрі саяси тұрақсыздықтың қаупін азайтады. Серіктестер үшін, оның ішінде Армения үшін де бұл шешімдердің болжамдылығын, міндеттемелердің тұрақтылығын білдіреді. Сондай-ақ екіжақты және көпжақты ықпалдастықтағы транзакциялық тәуекелдерді едәуір төмендетеді.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы мақсаты айқын: автономды әрі прагматикалық ойыншы ретінде ешқашан агрессияға жол бермейді. Әрі ел ішкі саясатты жаңғыртып, институттарды нығайтуда да бұл қағидадан айнымайтыны жаңа реформадан сезіледі. Халықаралық сарапшылардың пікірі осыған саяды.
Авторы: Бақыт Топтаева
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #конституциялық реформа #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz