Бұл бастамаға қолдау білдірген қала тұрғындары жылдар бойы сөрелерде шаң басып жатқан кітаптарын том-томымен тапсыруда.
Дәстүрлі шара аясында былтыр С. Торайғыров атындағы орталық кітапхана мамандары түрлі жанрды қамтыған екі мыңдай кітап қабылдаған.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Кітапты іздеп жүріп оқитын оқырман арамызда әлі де бар. Соның бір дәлелі – Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орталық кітапханаға келетін жүздеген оқырман. Кітап қорын толықтырып, сирек кездесетін шығармаларды оқырманға ұсыну мақсатында кітапхана жыл сайын арнайы акциялар ұйымдастырады. Соның нәтижесінде кітапхана қоры адамдарға рухани азық сыйлайтын көркем әдебиетпен, энциклопедиялармен және ғылыми басылымдармен толығады.
Тұрғындардан жиналған кітаптар сұрыпталып, рет-ретімен сөрелерге жайғастырылып жатыр. Арасында балаларға арналған көркем әдебиеттер мен бүгінгі күні баспадан шықпайтын сирек кітаптар да бар.
Мая Исақаева, С. Торайғыров атындағы Орталық кітапхана қызметкері:
- Дәл акцияның кезінде екі жүздей кітап сыйға тартылды. Ал жалпы жыл бойынша екі мыңға жуық кітап бізге сыйға тартылды. Біз әрине, қуаныштымыз. Жалпы бізге кітапты біздің оқырмандарымыз ғана емес, біздің жергілікті ақын-жазушыларымыз келген сайын, жаңа кітаптары шыққан сайын міндетті түрде автограф жазып бізге қалдырып кетеді.
Бақтияр Тоқтар кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол «Кітапханаға кітап сыйла» акциясына өз үлесін қосып, жуырда оқып бітірген көркем әдебиетті сыйға тартты.
Тоқтар Бақтияр, оқушы:
- Мен жақында оқып шыққан Ғабдол Слановтың шығармасын кітапхана қорына тапсырдым. Онда қазақ даласының кеңдігі мен еркін рухы, табиғаттың шексіз сұлулығы, сондай-ақ қоғамдағы кейбір әлеуметтік теңсіздіктер көркем түрде бейнеленген.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орталық кітапхана қорында шамамен 500 мың кітап бар. Рухани орда бүгінде қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталық ретінде де қызмет көрсетеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #кітапхана #кітап #Сұлтанмахмұт ТорайғыровPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz