Батыс Қазақстан облысында былтыр жөнделген жолдардың сапасы сыр берді.
Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, республикалық және облыстық маңыздағы жүздеген шақырым жөнделген еді. «Алайда ауыр жүк көліктері жол жабынын бүлдіріп жатыр», - дейді мамандар. Оларға бақылау жоқ. Облыста бірде-бір автоматты өлшеу стансасы орнатылмаған, жылжымалы бекет те жеткіліксіз. Оның үстіне, биылдан бастап көліктік бақылау инспекциясына жүк көліктерін тоқтатуға тыйым салынды.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдірге тұрғындардан түсетін арыз-шағымның көбі жолдардың жай-күйіне қатысты. «Әсіресе жүк көліктерінің жаңа салынған жолдарды қиратып жатқаны жанға батады», - дейді ол.
Нұрлан Сәдір, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Былтыр салынып жатқан жолдардың көп ұзамай бұзылып жатқанына назар аудардық. Соның ішінде мен де айттым. Мәселенің соның жалғыз себебі емес, бір факторы ретінде осы шектен тыс салмақ тиеген жүк көліктері деп біз таптық. Жолдарды қорғауымыз керек, қорғау үшін автоматты жүйе барынша орнату керек, көлік инспекциясы жүру керек, айыппұл адами факторды араластырмай бірден салынуы керек.
Заң бойынша жүк көліктерінің салмағын көліктік бақылау инспекциясы қадағалайды. Алайда бұл мекемеде небәрі екі жылжымалы бақылау бекеті бар. Оның бірі Ресейден кіретін көліктерді тексеріп Самара-Шымкент тасжолында үнемі тұруы тиіс. Қалған жалғыз көлікпен өңір жолдарын түгел қамту мүмкін емес. Оның үстіне енді инспекция мамандарына көліктерді тоқтатуға тыйым салынған.
Рақымберді Ашкеев, облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
- Осы кезге дейін өзіміз тоқтатып, екінші автокөлігіміз бар Митсубиси, сол жерде автотаразы бар, сол арқылы жұмыс істеп, өзіміз тексеріп, салмағы асып кететін болса әкімшілік хаттамасын толтырып, айыппұл салатынбыз. Қазір 1 қаңтардан бастап, ондай құқық бізде жоқ.
Заңдағы өзгерістерге сәйкес енді инспекция мамандары автоматтандырылған өлшеу стансаларынан түскен мәліметтер негізінде ғана көлік жүргізушісін жауапқа тарта алады. Енді қызықты қараңыз. Облыста ондай бірде-бір өлшеу қондырғысы жоқ. Құны 270 млн теңгенің жалғыз автоматтандырылған стансасы Орал қаласы мен Деркөл кенті арасына былтыр қойылған. Алайда әлі іске қосылмаған.
Рақымберді Ашкеев, БҚО Көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
- Ең бірінші жол белгісі болуы керек. Таблолар болуы керек, автокөліктің кіріп келе жатқаны, шығып келе жатқаны, жүгінің салмағы қанша артық екені, оның штрафы барлығын осы АСИ салып беру керек. Осы заттың құрамдас бөліктерінің жетпеуіне байланысты қазіргі кезде бұл істемей тұр. Қалалық әкімшілік заказчик солар.
Аталған проблема жуырда «Аманат» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде талқыланды. Белгілі болғаны республикалық жолдарда бұл мәселе таяу жылдары шешімін таппақ.
Асылбек Мардан, «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚОФ директоры:
- Бұл проблема бар. Біз бірнеше рет бұл мәселені көтеріп жатырмыз. Жоспар бойынша «Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыс аумағында республикалық маңызы бар жолдарда 2026-2027 жылдары 8 АӨС орнату жоспарлаған. Атап кетсек, бүгін Өнеге-Бисен-Сайқын жолының 79 шақырымына орнатып жатырмыз. Одан кейін Чапаев-Казталов жолының 17 шақырымында орташа жөндеу шеңберінде жоспарланған.
Бүгінде өңірдегі жергілікті маңыздағы жолдардың 60% жуығы асфальтталған. Үш жыл бұрын ол көрсеткіш 28% аспайтын еді. «Алайда қыруар қаржыға салынған жолдардың қорғалмай жатқаны өкінішті», - дейді қоғам белсенділері.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #жүк көліктері #жолдар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz