Семейде 50 жыл бұрын ашылған қоқыс полигоны толып қалды. Тау боп үйілген тұрмыстық қалдық шіріп, айналасындағы ауылдарды жағымсыз иіс жайлай бастады.
Тұрғындардың шағымы да көбейді. Жергілікті билік жаңа полигон салу туралы шешім қабылдап, құрылысы басталды.
Бұл Семейдің іргесіндегі ескі қоқыс полигоны. Шамамен жарты ғасыр бұрын ашылған. Қазір қоқысқа лық толы. Жаздыгүні осында тіркелетін өрт үйреншікті құбылысқа айналғандай.
Өрттен шыққан түтін мен қоқыстан бөлінген улы газ ауаны ластап жатыр. Полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары жиі шағымданатын болған. Жел тұрса жан-жаққа ұшып, жағымсыз иісі тарайды.
Оралхан Әуезбеков, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Қатты тұрмыстық қалдықтар ыдырағанда атмосфераға түрлі ластаушы заттар тарайды. Сонымен қатар полигонда өрт шығу деректеріне байланысты материалдар келіп түсуде. Жұмыс аяқталған соң Экологиялық кодекске сәйкес рекультивация жүргізілуі қажет.
Ескі полигон қаладан 7 шақырым жерде орналасқан. Енді 16 шақырым қашықтан жаңа полигонының құрылысы басталды. Заманауи кешенде қоқыс алдын ала сұрыпталады. Кейін топырақпен көміп тастайды. Полигон аумағында ағаш-тал егу жоспары бар. Осылайша, қоршаған ортаның қауіпсіздігі басты назарда болады, -дейді жауаптылар.
Серік Түленбергенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу үшін Жаңасемей ауданы аумағынан 100 гектар жер бөлінді. Жоба құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба құны 8,9 млрд теңге.
Полигонның жылдық қуаттылығы 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты қабылдауға жетеді. Ал сұрыптау цехында бір жылда 75 мың тонна қоқыс өңделеді. Жаңа полигонды 50 жылға дейін қолдануға болады,-дейді мамандар. Мердігер келесі жылдың екінші тоқсанында құрылысты аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Семей #қоқыс палигоныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz