Комиссияның бүгінгі отырысында билік тепе-теңдігіне қатысты 46-шы және 62-ші баптардың екінші тармағын түзету ұсынылды. Сондай-ақ волонтерлық қызмет Конституция деңгейінде бекітілетіні айтылды. Жиындағы жаңа бастамалар жайлы келесі бейнетматериалда толығырақ.
Жаңа Конституцияның жобасын жетілдіру жалғасып жатыр. Жұртшылықтың талап-тілегіне негізделген бастамалар бүгінгі отырыста да тыңдалды. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов қосымша жаңа нормалар қарастырылғанын атап өтіп, волонтерлық қызмет Ата заң деңгейінде бекітілетінін мәлімдеді. Бұл бастама 31 баптың екінші тармағында жазылады. Тілдік ерекшелік пен тарихи сабақтастыққа байланысты өзге де нормаларда түзету бар.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссияның мүшесі:
- Волонтерлық қызмет туралы заңды және азаматтардың ақысыз ерікті көмегінің мұқтаж адамдарға қажеттігін, қоршаған ортаны қорғаудағы маңызын ескере отырып, бұл ұсыныс қолданды. Басмалашылардың пікірінше, бұл идея жобаның басқа ережелерін, әсіресе Преамбуланы және ҚР қызметінің негіз құраушы қағидаттарын қисынды түрде толықтырады.
Мұрат Әбеновтың айтуынша, халық жаңа Конституциядағы өзгерістердің басым бөлігін қолдайды. Тек бірнеше тармақтарды өзгертуге қатысты ұсыныстар бар. Соның бірі − биліктегі тепе-теңдікке қатысты норма. Мәжіліс депутаты екі тармақты түзету бойынша өз ұсынысын жеткізді.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі:
- Қоғам жобадағы 320 пунктың 317-сын толық қолдайды. Конституцияның 99 пайызын ел қолдайды деген сөз. 46 бап пен 62 баптың екінші тармағы, Ықпалды Парламент формуласына сай Құрылтайға жүктелген келелі саяси дүниелерді күшейті, ең бастысы қоғам тарапынан көптеген көтерілген билік институттарында тепе теңдікті сақтау бойынша нақты өзгерістер ұсынамын. Сонда бұл тармақ қоғам сұранысына да толық жауап береді.
Бұқараның бастамалары әлі сарқылмады. Оның саны бес мыңға жетті. Комиссияның төрағасы Эльвира Әзімова мұны азаматтардың жаңа Конституцияға қатысты ұстанымдары мен көзқарастарын айқындап үлгергенімен байланыстырады.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы:
- Сауалнамалар және қоғамдық пікірлер көрсеткендей жаңа Конституция жобасы азаматтардың басым бөлігі тарапынан жоғары бағаланып, кең қолдауға ие болып отыр. Ұсынылған өзгерістерге қоғамның айқын сұранысын және жүргізіліп жатқан реформаларға берілген сенімді айқындайды. Біздің міндетіміз − осы айқын диалогты сақтау, шешімдердің салмақты болуын қамтамасыз ету.
Бұдан бөлек, отырыста меншік иелерін көбейту керек деген бастама көтерілді. Бұл кәсіпкерлердің құқығын қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар сөз бостандығы мен адам құқығы талқыланды.
Авторы: Бекзат Аманов
Тегтер #Конституция жобасы #халық #ұсынысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz