Кейінгі жылдары Кіші Аралға су молынан келіп, көлемі 23 миллиард текше метрге жетті. Қазір Ақлақ су тоспасы арқылы теңізге секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр.
Ал «Көкарал» бөгетін нығайту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады, - дейді жауаптылар. Алдағы уақытта бөгетті биіктету және Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі жүзеге асады.
Трансшекаралық Сырдарияның суы Кіші Арал теңізіне әр жылы әртүрлі көлемде келеді. Бұл дарияның бастауындағы мұздықтар мен жаһандық климатқана байланысты. Осыдан үш жыл бұрын жағалау алыстап кеткен еді,- дейді теңіздің іргесіндегі ауылдың тұрғындар.
Әзімбай Жолмырзаев, Қаратерең ауылының тұрғыны:
- Ол кезде теңіздің тұздылығы күшейіп кетті. 24-інен бастап тұздылығы шамалы түсті. Қазір балықтың тіршілігіне мүмкіндік бар. Алдағы уақытта да ағыс осылай жақсы болса екен.
Төрехан Ділжанов, Бөген ауылының тұрғыны:
- Бөген елді мекенінде 200-дей отбасы тұрамыз. Соның үй басына бір балықшы бар десек те өтірік болмайды. Сол 200 үйдің қазаны осы теңізден қайнап отыр десек артық айтпаған боламын. Осы теңізге құйып жатыр дегенді естіп жатырмыз. Теңізіміз толады деп үміттенеміз енді.
Бұл Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы су тоспасы. Бүгінде Ақлақ бөгетінен секунтына 50 текше метр су өтіп жатыр дейді мамандар. Жалпы су көлемі желтоқсан айынан бастап көбейді.
Жорабек Нұрымбетов, облыстық Мәслихат депутаты:
- Қазір Арал теңізіне екі жылдың ішінде, бұрын олардағы жиналған судың көлемі 18 млрд-тың көлемінде болатын болса, Кіші Аралда қазір ол 23 млрд-қа дейін жетті. Орталық Азия мемлекетінің президенттері кездесу болды. Сол кездесуде Су шаруашылығы министрі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның келісімшартқа қол қойылғанда жоғарыдан түсетін судың көлеміне қарай сол әр мемлекетке тең бөлінетіні жөнінде қол қойылды. Қазір біздің өзіміздің алатын лимитімізді бүгінгі таңға дейін толық алып тұрмыз.
Аралдан жылына 8 мың тонна балық ауланады. Бұл – Кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін жылдар бойы атқарылған шаралардың жемісі,- дейді мамандар. 2022 жылы басталған «Көкарал» бөгетін нығайту жұмыстары да биыл аяқталады.
Елдос Ақышев, «Қазсушар» РМК филиалы директорының орынбасары:
- Сол дамбаны қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша 788 метрлік тас салу жұмыстары болатын. Сол жұмыстар қазіргі таңда атқарылып жатыр. Тағы төрт «саружыниясы» бар. Қарашалаң ауылдық округінде, сосын Бөген ауылдық округі тұсында болады. Бөгеттің мықтылығы сақталып, әлі қарай Арал ауданына балық шаруашылығына экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. Биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар биыл «Көкарал» бөгетін биіктету жұмыстары басталады. Бұл Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңінде жүзеге асады. Бұл кезеңде теңізді сумен тұрақты қамтамасыз етуден бастап, экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамыту шаралары жалғасады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Арал #экология #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz