Өзбекстан 2030 жылға қарай Арал қайраңын 78 пайызға дейін жасыл-желекке айналдыруды көздеп отыр.
Арал атырабының жалпы аумағы 6 млн гектарға болса, соның дені Өзбекстанға тиесілі. Қазір теңіздің солтүстік және батыс бөлігі ғана сақталған. Жылдам құрғаған айдын, аймақ экологиясы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына көп зиян келтірді. Теңіз табанынан ұшқан тұз, құммен араласып, дүлей дауылға айналады.
Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстанда кешенді орман өсіру жобасы бар. Көршіміз бұл істе түрлі тәжірибені енгізген. Бүгінге дейін жалпы аумағы 2 млн гектар жерге сексеуіл мен өзге де өсімдіктер егілді.
Өзбекстан билігі Арал аймағында ауылшаруашылық саласын дамытуға ниетті. Ол үшін миллиондаған түп сексеуіл егіліп, ара өсіру шаруашылығы қолға алынбақ. Жалпы оңтүстік Аралда 4 млн гектар жерді жасылдандыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа Өзбекстан бюджетінен жыл сайын 25 млрд сом қарастырылған. Халықаралық ұйымдардан да қомақты қаржы бөлу дәстүрі жалғаса бермек. Айдынды суға толтыру сағымға айналғанымен, бос алқапты кәдеге жаратып, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар, - дейді сала мамандары.
Хаджимурат Толипов, Өзбекстанның Орман шаруашылығы агенттігі басшысының орынбасары:
- Жыл сайын Арал теңізінің құрғаған жерінен жүз мың тоннадан астам тұзды құм көшеді. Тіпті тұзы мен топырағы ауаға тарап, Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхиттан табылды. Қазір Аралдағы тұзды көшті тоқтатудың жалғыз ғана жолы бар, ол – теңіз табанын көгалдандыру.
2040 жылға қарай Орталық Азия елдерінде су тапшылығы қазіргіден 3 есеге дейін артып, шығын көлемі жылына 2 млрд долларға барады. БҰҰ сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері осындай болжам жасады. Мұздықтардан келетін тіршілік нәрінің көлемі жыл сайын азайып барады. Жалғыз амал, суды мейлінше үнемдеу. Ал ол үшін кеңес заманынан қалған гидротехникалық қондырғыларды жаппай жаңалау керек.
Вадим Соколов, «Аралды құтқару» халықаралық қорының директоры:
- Гидротехникалық қондырғылар әбден ескірген. Мәселен, осыдан 80 жыл бұрын салынған су сорғыш станциясын қалпына келтіруге миллион доллар керек. Қазір су үнемдеуде үлкен шығындар бар. Себебі бұрын салынған каналдардың асты бетондалмаған. Егер осының барлығын қалпына келтіретін болсақ шамамен 4,5 млрд доллар керек.
Бір кездері әлемдегі үлкен теңіздердің бірі болған Аралдың аумағы 50 жылдың ішінде екі есе, су көлемі 5 есе азайды. Тереңдігі 18 метрге төмендеді. Тартылған соң теңіз екіге бөлінді. Оңтүстігі – Өзбекстанда, Солтүстік Арал – Қазақстанда. Ендігі мақсат бар суды жоғалтып алмай, экологоиялық апатты алдын алу.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Өзбекстан #АралPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz