RU
Толық нұсқаға өту

Президент ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауды тапсырды

10.02.2026, 18:30 273

Елімізге Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң қажет.

Президент Үкіметке 1 қыркүйекке дейін осындай жаңа заң дайындауды тапсырды.  Өйткені, елдегі мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол болғанымен, бұл әлеуетті дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мемлекет басшысы елдегі мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз деп сынға алды. Демек, кешенді жүйе жоқ, салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы солардың еншісінде. Ал бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр, деді. Тіпті  жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуға тиіс. Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Графика: жеке шаруа қожалықтарында өндіріледі

Еттің 60 %

сүттің 80%

ЦИТАТА

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті

«Мен Жолдауымда және «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айттым. Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Нидерландының жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр. Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауға тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауы қажет».    

Бұл тұста Президент мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болу қажеттігін тілге тиек етті.  Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев, саладағы түйткілдің түйінін тарқатты. Өкінішке қарай, бүгінде  Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың 27-і ғана халықаралық стандартқа сай. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы 3 жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалған. Мемлекет басшысы Үкіметке 3 ай ішінде ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдауды тапсырды.

Қазақстанда - 168 зертхана бар

Оның - 27-і халықаралық стандартқа сай

Малға екпе салдық деп: 

3 жылда - 30 мың жалған құжат жасалған    

Балғабай Майқанов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:

- Ветеринарлық агенттік тікелей үкіметке бағыну керек. Ауыл шаруашылығы министрілігінен кетіп бөлек бір агенттік болуы керек. өзінің жұмысын атқаратын, өзінің басшысымен. Ғылым дамып жатыр, ғылымның көптеген жектістіктерін өндіріске енгізу саласы өте қиын болып тұр қазір. Енді мал шаруашылығы мықты дамуы үшін ауылды жақсы көтеру керек. менің өз көзқарасым. сосын сол жұмысты алға қарай бағыттау керек.

Сондай-ақ Президент шикізатты терең өңдеу мәселесіне де ерекше тоқталды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы өнеркәсіпті дамыту қажеттігін алға тартты. Себебі ел әлі де азық-түлік импортына тәуелді. Олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесіп, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауы тиіс, деді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz