RU
Толық нұсқаға өту

Астанада проблемалы үйдің тұрғындары 24KZ телеарнасынан көмек сұрады

10.02.2026, 20:09 1078

Алаң көңіліміз елең болып отыр.

Қабырғаның қас беті құлап тұр, балалар бейқам ойнаудан қалды. Осылай деген «Бухарест» тұрғын үй кешенінің тұрғындары телеарнамызға хабрласып, шағымданды. Айтуларынша, «G-PARK» құрылыс компаниясы  нысанды сапасыз салған. Енді оның зардабын қалың қараша тартып отыр.

Бас қаладағы маңдай алды баспаналардың бірі "Бухарест" тұрғын үй кешені. Комфорт класс санатындағы қонысжай. Витражды терезелер, биіктігі 3 метрлік пәтерлер, сәні мен сәулеті жарасқан заманауи классика.  Жайлылық пен тыныш өмірге арналған тұрғын үй. Пәтер иелері үйді дәл осылай елестеткен еді.

Алайда көпшіліктің күткеніндей болмады. Бастапқы бас жоба баспана иелеріне ескертілместен өзгертілген. Енді автотұрақ қат, қажетті құрылғылар жоқ. Ал құрылыс сапасы сын көтермейді. Тұрғындар осылай дейді.

Саида Имашева, тұрғын үй кешенінің адвокаты:

- Тұрғындар бізге осы үй бойынша заңгерлік сүйемелдеу үшін жүгінді. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде анықталғаны: жұмыс жобасына сәйкес «Бухарест» тұрғын үй кешенінде 268 пәтер болуы тиіс еді. Ал іс жүзінде 485 пәтер салынғаны белгілі болды. Сондай-ақ тексеру барысында автотұрақ жұмыс жобасына сәйкес 331 орыннан тұруы қажет болғаны анықталды. Ал қазіргі таңда бар болғаны 129 автотұрақ орыны бар.

Бауыржан Айтмағанбетов, "Бухарест" тұрғын үй кешені мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Сот шешімінде бар мынау, бізде қауіпсіздіктің шешімі шешілмеген. Неге десеңіз бізде не огнетушитель, не басқа комплект жоқ. Сондықтан бізде от шығып, қиын жағдай болады. Соны сот шешімі бар, соны орындасын деген. Соны құрылыс компаниясы орындамай отыр.  

Ең сорақысы, қабырғаның қас беті оқтын-оқтын құлап, қауіп төндіріп тұр. Абырой болғанда, адам аман. Алайда апаттың айтып келмейтіні  тағы бар. Былайғы күні балалар бейқам ойнаудан қалды, қорқынышпен күн кешіп жатырмыз,- дейді көпшілік.

Майнұр Молдабаева, "Бухарест" тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Байқап жүреміз, басымыз түсіп кетпесін, балалардың басына түсіп кетпесін деп. Сол анау плиткалар нетіп, түсіп жатыр, қабырғасы. Сол қорқынышты, сондай біраз нәрселер шығып жатыр, анықтап, жақсылап істелмеген нәрселер шығып жатыр. Сол мынау плитка басқа түссе, аман қалдырмайды. Бір-екі рет түскен, бірақ Аллаға тәубә, ешкімге тимей түсті.  

Су құбырларының да сапасы сын көтермейді. Тіпті екі жыл бұрын желіден ақау шығып, төменгі қабат су астында қалған. Кейін сот құрылыс компаниясын кінәлі деп тауып, шығынды өтеуге шешім шығарған. Алайда жауапты компания бұған мән бермеген екен. Амалы таусылған тұрғындар өз қаражаттарына қайта қалпына келтіріпті. 

Бауыржан Айтмағанбетов, "Бухарест" тұрғын үй кешені мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

-  24 жылы осы үйімізді гидрооқшаулағыш болмауынан паркинг пен қойма бөлмелеріне су астында қалып, ірі көлемде залал келді. Соған біз сотқа беріп, сот біздің арызымызды қолдап 8 млн-нан артық айыппұл салды. Бірақ әлі күнге дейін ол ақша төленген жоқ, енді жұмысты өзіміздің, тұрғындардың есебінен төлегеніміз бар. 

Мұнымен тұрғын үйдегі түйткіл түгесілген жоқ. Мұнда  көлік тұрағы тапшы еді. Кейінгі жылдары мәселе тіпті ушыққан. Себебі құрылыс компаниясы тұрғын жайға тиесілі автотұрақты әлдебіреулерге сатып жіберген. Онда орналасқа қоқыс тастайтын орын да өзгелердің меншігіне өткен.

Қаламқас Аюбаева, "Бухарест" тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Кісілерден сұрамай неге олар сатады? Оны сатқан кім? Біз содан сұрауымыз қажет біріншіден. Одан сұрап, анығын біліп алғаннан кейін нету керек. Ал енді біздің ол жерден қуып жіберсе, мусорды қайда апарамыз. Или барлығымыз жиналып алып,  иә, акиматтың кабинетіне апарамыз, пусть решает. Өйтпесек, бұл сұрақ шешілмейді.

Бауыржан Айтмағанбетов, "Бухарест" тұрғын үй кешені мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Құрылыс компания қоқыс шығаратын жерді орнатып берген, сырттағы автокөлікті қоятын орын белгілеп, асфальт төсеп, жасап берген. Сөйтіп, біз пайдаланып жүрсек, 24 жылы сол жерімізді сатып жіберіпті, бөліп, мына бизнес центрге. Сол арқылы біз арыз беріп, сот жүріп жатыр. Сол жерді сатып алған жердің фирманың иелері барлық қоқыс тастайтын континерлерді алып тастаңыздар деп хабарлама берді.  

Сот орындаушылардан да амал аз секілді. Олар да жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолданды, іс ішкі істер органдарына жіберіледі,- дегемен шектелді.

Бауыржан Құсайынов, Астана қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

- Бұл жағдайлар бойынша борышкер сот талаптарын әлі күнге дейін орындамаған. Өз еркімен орындау мерзімі өткен соң әрбір кешіктірілген күн үшін сот орындаушы сотқа айыппұл өндіріп алу туралы өтініш береді. Нәтижесінде сот борышкерден 3 538 800 теңге көлемінде айыппұл өндірді. Сонымен қатар борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы бірнеше рет ұсыныс жолданды. Қазіргі уақытта бақылау ұсынысы қаралып жатыр. Алдағы уақытта материалдар қылмыстық жауапкершілік мәселесін шешу үшін ішкі істер органдарына жіберіледі.

Ал «G-PARK» құрылыс компаниясы жағдайды біле тұра жауап беруден бас тартты. Телеарна тарапынан жолданған сауалға селқостық танытты.  

Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Әбділахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz