Қарағанды облысында биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 47 жоба жүзеге асырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге аз.
Жоба санының қысқаруы өңір бюджетінің мүмкіндігіне байланысты болып отыр.
Ал 2025 жылы тұрғындар тарапынан ұсынылған 119 өтінім мақұлданып, соның нәтижесінде көпқабатты үйлердің аулалары мен гүлзарлар абаттандырылып, балалар ойын алаңдары салынған болатын. Биылғы жылы жоспарланған жобалардың басым бөлігі Теміртау қаласына тиесілі.
Биыл Теміртауда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл өңірдегі ең жоғары көрсеткіш. Ұсыныстардың басым бөлігі аула мен гүлзарларды, балалар ойын алаңын абаттандыруға бағытталған. Барлық жобаны тұрғындардың өздері әзірлеген.
Думан Серіков, ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындар жобаларды өздері дайындайды. Көбіне балалар алаңы, футбол алаңы, автотұрақ, тротуар салу немесе аула мен көшені жарықтандыруға қатысты өтініштер түседі. Біз халықпен ақылдаса отырып сол жобаларды жүзеге асырамыз.
Қаланың 70-ші шағын ауданындағы мына аула былтыр абаттандырылды. Жобаның бастамашысы, әрі авторы -жергілікті тұрғын Даулет Нұғыманов. Бұған дейін үйдің маңындағы аумақ қараусыз күйде болса, бүгінде мұнда демалысқа арналған барлық жағдай жасалған. Бұған қоса спорт, балалар ойын алаңдары салынған.
Дәулет Нұғыманов, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Біз жобаны дайындап 2024 жылы өтінім тапсырдық. Сараптамалық кеңес жобаны мақұлдады. Сосын мердігер ұйым анықталып, ауламызды абаттандырып берді. Жоба авторы ретінде мен де жұмысқа күнделікті бақылау жүргіздім.
Былтыр бағдарлама аясында Қарағандыда түрлі жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылды. Ал биыл бюджет шектеулі болғандықтан, қаржы бөлінбеген. Аулаларды абаттандыруға қатысты тұрғындардың бастамаларын жергілікті билік әзірге кейінге қалдырды. Бұған дейін мақұлданған жобаларды іске асыру үшін шамамен 2,5 млрд теңге қажет.
Нариман Итқарин, Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:
- 2025 жылы дауыс беру кезеңі өтті. Қаламыздың депутаттарымен бірлесіп, арнайы комиссия құрылып, тұрғындардың өтінімдері іріктелді. Биыл іске асыру жоспарланған 82 өтінім таңдалып алынды. Алайда қаржыландырудың шектеулі болуына байланысты, биыл бұл жұмыстар жүргізілмейді. Барлық 82 жобаны 2027 жылы іске асыру жоспарланып отыр.
Ал биыл Қарағандыда ішкі көшелер мен аулаларды жарықтандыруға басымдық беріледі. Соның аясында төрт мың жарық бағаны орнатылады. Сондай-ақ автотұрақ орындарының санын көбейту жоспарланып отыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков
Тегтер #жоба #Қарағанды облысы #бюджет #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz