Ақтауға аққулар оралды. Алайда олар жылдағыдай Қаракөлді емес, қала маңын шиырлап жүр. Бұл теңіз жағасындағы қаланың сәніне сән қосып, көпішіліктің көзайымына айналды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Аққулар жыл сайын Ақтаудың іргесіндегі жасанды суқойма Қаракөлге ұшып келеді. Алайда олар биыл «Солдат» жағажайында жүр. Шаһардың «Жартасты соқпақ» мүйісі мен Ақтау теңіз порты аралығындағы қашықтық шамамен 4 шақырымдай. Қазірдің өзінде осы аумақтан мыңдаған аққуды көруге болады.
Ақпан басталғалы бері Ақтауда қар аралас жаңбыр толастаған жоқ. Ызғырық желге қарамастан тұрғындар аққуларды көру үшін жағалауға келеді. Сымбат пен Марк бүгін де құс падишасын қызықтап жүр. Олардың сөзінше, осы жылы келген аққулардың қарасы қалың.
Сымбат Аманшиева, қала тұрғыны:
- Өте әдемі көрініс. Мен де осындай көп аққуды бірінші рет көріп тұрмын. Баяғыда тек кішкентай жасымда көріп едім.
Марк Букин, қала тұрғыны:
- Осынша аққудың жағалауға жақын келгенін алғаш көруім. Бұған дейін көлікте келе жатып, жол жиегіндегі Қаракөлге қонған құстарды көретін едім. Алайда ол жерге рұқсатсыз баруға болмайтынын білемін. Енді мінекей, олар көз алдымызда жүр.
Мамандардың айтуынша, аққулар Маңғыстау өңіріне жақын арада ұшып келген болуы ықтимал. Сол себепті олар жылдағыдай жасанды көлге қоныстанбай, түбі тайыз әрі суы жылы қала жағажайында уақытша аялдаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл аумақ құстардың қоректенуіне қолайлы орта болып саналады.
Ғаббас Досатов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Жалпы аққу қыс айларында көп қорек іздемейді. Олар күз, жаз айларында қысқа дайындық, өздерінің майын жинап, сонымен қыста өте сирек қоректенеді. Сонымен көктемге жетеді. Бұл жерде өздеріне тиімді қоректік заттар болғаннан кейін жылы болған соң, сосын толқын жоқ осындай жерге келіп отырған болуы мүмкін.
Табиғат инспекторлары теңіз жағалауынан мыңға тарта аққуды санапты. Айтуларынша, биыл өңірде қыс жылы болса олар Қаракөлге аялдайды. Аяз күшейсе климаты жылы Иран, Түркіменстанға қарай ұшып кетеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Ақтау #аққулар #Қаракөл #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz