Қазақстанда «Сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығы» ашылуы мүмкін. Өйткені аймақта кен қоры кеміп барады.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы бес жылда жалпы ішкі өнімдегі тау-кен өндірісі саласының үлесі 30 пайызға төмендеп кеткен. Мәселен, Малеев, Тишинск сынды ірі кен орындары сарқылуға жақын. «Дегенмен қолда бар қор таусылды деп қамсыз отыруға болмайды»,- дейді мамандар. Олар өлкеде геологиялық барлау жұмыстарын жандандырмақ. Ең бастысы – жаңа шикізат көзін табуға жергілікті ғалымдар атсалысуға дайын. Зерттеушілер тобы қандай металға мән беру керек деп санайды?
Қойнауы қазбаға толы Шығыс Қазақстан ежелден түсті металлургияның орталығы екені белгілі. Алайда мамандардың айтуынша, жыл өткен сайын қор таусылып барады. Мәселен қолданыстағы Малеев,Тишинск, Риддер-Сокольный кеніштерінде шикізат сарқылуға жақын.
Досжан Болатбеков, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыстағы минералды шикізат базасы азайып бара жатқаны рас. Әсіресе бұл мәселе Риддер, Алтай қаласында өте өзекті. Сондықтан өнеркәсіп орындарымен бірлесіп, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ғалымдар болашақта қол қусырып қалмау үшін бағыт-бағдарды өзгерту керек деп санайды. Мәселен, өлке литий қорына бай. «Ендеше осы мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет», - дейді профессор Жанар Оңалбаева. Ол он жылдан бері аймақтағы қазба байлығын бағамдап келеді.
Жанар Оңалбаева, Д.Серікбаев атындағы инженерия мектебінің профессоры:
- Мысалы, Литий ионды аккумулятор өте көп. Электронды өнімдер қалдығы да жетіп артылады. Алайда біз дәл осы құрылғылардан қайтадан литий алуға болатынын білсек те, оған назар аудармай келеміз.
Наталья Куленова да литийдің өлкедегі үлесін зерттеп жүр. Айтуынша бұл металды тек қазбадан ғана емес, техногенді қалдықтар құрамынан, тіпті тоғандардан да алуға болады.
Наталья Куленова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылыми қызметкері:
- Бізде құрамында литий болуы мүмкін көлдер бар. Күн жылынған соң сол жаққа барып сол суды зерттеп көрмекшіміз. Тым болмағанда литийдің концентратты ерітіндісіне қол жеткізуге тырысамыз.
Кен көзін табу және оны игеру тек ғалымдардың күшімен жүзеге аспасы анық. Сол себепті өлкеде енді «Сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын» ашу жоспарланған. Демек Кенді Алтайдағы тау-кен өндірісінің жаңа тынысы ашылуы да мүмкін.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов
Тегтер #сирек металдар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz